Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандағы “қолма-қолсыз” төлемдердің тең жартысы Алматыда жұмсалады

Нұрқанат Атажан
24 Қараша 2025, 16:44
286
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдер көлемі 135,2 трлн теңгеге жетті. Осы соманың жартысынан астамы – 50,8%-ы – Алматының үлесінде. Тағы 9% Астанаға, 6,2% Шымкентке тиесілі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінше, елдегі банк карталары бойынша жалпы ақша айналымындағы қолма-қолсыз төлемдердің үлесі 87%-ға дейін өсті. Биыл қазан айының басында олардың көлемі қолма-қол ақшаға қарағанда 6,7 есе көп болды: 135,2 трлн теңге.

Қызығы, қолма-қолсыз төлемдердің өзі өңірлер арасында біркелкі бөлінбеген. Барлық транзакциялардың жартысынан көбі (50,8%) Алматыда жасалған. Одан кейін Астана (9%) мен Шымкент (6,2%) келеді.

Осылайша, үш мегаполис елдегі барлық қолма-қолсыз операциялардың шамамен үштен екісін қалыптастырады. Қалған бөлігі Қазақстанның басқа өңірлеріне тиесілі.

Айта кетейік, жыл ішінде қолма-қолсыз төлемдер бойынша орташа чек 4,7%-ға өсіп, 13,3 мың теңгені құрады. Алайда карталардан қолма-қол ақша шешу көлемі бұдан да көбірек артқан – 12,7%-ға, 115,8 мың теңгеге дейін.

Дегенмен сол кезеңдегі инфляция деңгейі 12,9%-ды құрағанын ескерсек, бұл халық табысының өсіміне емес, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына байланысты шығындардың ұлғаюына меңзеуі мүмкін.

Қазіргі таңда елдегі ең “қолма-қолсыз” өңір – Алматы облысы. Екінші орында – Алматы қаласы, үшінші орында – Түркістан облысы. Ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Жалпы алғанда, сарапшылардың пікірінше, өңірлер қолма-қолсыз төлемдер бойынша көшбасшыларға біртіндеп жақындап келеді. Өңірлік “цифрлық алшақтық” бір жыл ішінде 20,9 пайыздық пункттен 19,1 пунктке дейін қысқарды, бұл елдің цифрлық инфрақұрылымы біртіндеп теңесіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар Алматы – үлесі артпаған, керісінше төмендеген жалғыз өңір.

Өзгелердің жаңалығы