«Астана Опера» театрында «Орыс маусымдары» халықаралық жобасы «Қос астана дуэті» гала-концертімен аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, РФ-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген әртістері қатысты.
«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы Мәскеудің «Геликон-Опера» музыкалық театрымен бірлесіп ұйымдастырған «Қос астана дуэті» гала-концертінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Азамат Желтұрғызов, Медет Шотабаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың ресейлік лауреаттары Юлия Щербакова, Валентина Гофер, Шота Чибиров, Максим Перебейнос өнер көрсетті.
Чайковский, Верди, Россини, Даргомыжский, Бизе, Пуччини, Оффенбах операларынан отандық және шетелдік жұлдыздардың дуэттері орындалды. Сондай-ақ жұртшылық назарына А.Жұбановтың «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Л.Хамиди, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан дуэт пен хор және т.б. ұсынылды. Геликондықтар алғаш рет қазақ тілінде шығармалар орындады.
Музыкалық қойылымды «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин мен «Геликон-Опера» музыкалық театрының бас дирижері, Мәскеу сыйлығының лауреаты Валерий Кирьянов жүргізді.
Сондай-ақ «Астана Опера» театрында «Арт-маскарад» атты театрлық киімдердің эксклюзивті көрмесі ұсынылды. Александр Головин, Лев Бакст, Михаил Ларионов және Сергей Судейкиннің эскиздері бойынша жасалған кейбір костюмдер жүз жылдан астам уақыт бойы тек қағаз жүзінде болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ресей маусымдары» Қазақстанда наурыз айында КСРО халық әртісі Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жастар симфониялық оркестрінің «Чайковский-гала» бағдарламасымен ашылды.