Қазақстандағы мұнай-газ химиясын тежеп отырған кедергілер аталды

Басты мәселелердің бірі – халықаралық ASME (American Society of Mechanical Engineers) стандарттары бойынша сертификаттаудың қымбаттығы және отандық өндірушілердің импорттық өніммен тең емес жағдайда бәсекеге түсуі.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:38
Бүгiн 2026, 12:38
143
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Астанада өткен Kazneftegazservice-2026 конференциясында KMG PetroChem басқарма төрағасы Диаз Диянов Қазақстандағы мұнай-газ химиясы саласының дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі факторларды атады, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, басты мәселелердің бірі – халықаралық ASME (American Society of Mechanical Engineers) стандарттары бойынша сертификаттаудың қымбаттығы және отандық өндірушілердің импорттық өніммен тең емес жағдайда бәсекеге түсуі.

Диаз Дияновтың сөзінше, қазақстандық компаниялардың халықаралық жобаларға қатысуына ASME сертификатының жоқтығы үлкен кедергі келтіріп отыр.

Әлемдегі жобалардың басым бөлігі ASME стандарттары бойынша жүзеге асады. Ал біз Қазақстанда жобаларды көбіне ГОСТ талаптарымен орындаймыз. Соның салдарынан отандық өндірушілер ірі жобаларға толыққанды қатыса алмай, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігінен айырылады, – деді ол.

Сонымен қатар, сертификаттау құнының жоғары болуы да үлкен проблема.

Қазіргі таңда ASME сертификатын алу құны 100 мыңнан 300 мың долларға дейін жетеді. Бұл көптеген отандық машина жасау кәсіпорындары үшін қолжетімсіз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешіп, шығындарды біріктіру және сертификаттауды ел ішінде ұйымдастыру қажет, – деп атап өтті Диянов.

Саладағы тағы бір жүйелі мәселе – отандық және шетелдік өнім арасындағы баға айырмашылығы.

Импорттық жабдықтар, әсіресе Қытайдан келетін өнімдер, елімізге баж салығынсыз кіреді. Ал отандық өндірушілер шикізат пен компоненттерге салық төлейді. Соның нәтижесінде баға бойынша үлкен айырмашылық қалыптасады, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл жағдай нарықтағы таңдауға тікелей әсер етеді.

Біз ұлттық компания ретінде қазақстандық қамтуды дамытуға мүдделіміз, жергілікті мердігерлермен жұмыс істейміз. Алайда нарық заңы өз дегенін істейді – өнім қымбат болса, таңдау басқа жаққа ауып кетеді, – деді Диянов.

Теңіз тәжірибесі: неге кеңейтілмейді?

Диянов Теңіз кен орнын кеңейту жобасы (ПБР / FGP) аясындағы тәжірибеге де тоқталды.

Теңіз жобасы кезінде жеткізушілер қосылған құн салығынан, импорттық баждардан және басқа да төлемдерден босатылған еді. Бұл жобаның табысты іске асуына ықпал етті, – деді ол.

Алайда мұндай жеңілдіктер басқа жобаларда қолданылмай отыр.

Егер бұл тәсіл тиімді болған болса, неге оны басқа жобаларда да қолданбасқа? Қазір көптеген тапсырыс шетелге кетіп жатыр, ал оларды елімізде орналастыруға болар еді, – деді компания басшысы.

Сонымен қатар, кейбір жабдықтарды Қазақстанда өндіру әзірге мүмкін емес екенін де мойындады.

Қазіргі таңда компрессорлар мен газ өңдеу қондырғылары сияқты күрделі жабдықтарды елімізде шығару мүмкіндігі жоқ. Бұл үшін өндірістік база жеткіліксіз, – деді ол.

Дегенмен, ұзақ мерзімде бұл бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

KMG PetroChem компаниясы жүзеге асырып жатқан жобалардың қазіргі кезеңі туралы да ақпарат берілді.

Қазіргі уақытта жобалардың іске асу деңгейі шамамен 11%. Биыл іргетас құю және қадалық жұмыстар белсенді жүргізілуде. Негізгі құрылыс кезеңі 2027-2028 жылдарға жоспарланған, – дейді Диянов.

Оның айтуынша, жобаларда негізінен қазақстандық мамандар жұмыс істейді.

Жұмысшылардың 85-90%-ы – қазақстандықтар болады деп күтіп отырмыз. Әсіресе Атырау облысы мен басқа өңірлердің мамандары тартылады. Шетелдік жұмыс күшін жаппай тарту қажеттілігі жоқ, – деді ол.

Сондай-ақ, компания қазақстандық бизнеске ашық екенін жеткізді.

Біз құрылыс, сервистік және инженерлік компаниялардың барлығына ашықпыз. KazService мүшелерін қоса алғанда, отандық кәсіпорындарды жобаларға қатысуға шақырамыз, – деді Диянов.

Салаға не қажет?

KMG PetroChem басшысының пікірінше, саланы дамыту үшін жүйелі шешімдер қажет.

Әлі кеш емес – тапсырыстар қазірдің өзінде бөлініп жатыр. Ең бастысы – олардың Қазақстанда қалуын қамтамасыз ету керек, – деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, Шетелдік ірі компания Қазақстанда инженерлер дайындай бастады. Бұл туралы MAIRE компаниясының Анадолы және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Никколо Хейлперн Kazneftegazservice-2026 конференциясында мәлім етті.

Наверх