2022 жылы Қазақстанда Instagram желісіндегі белгілі блогердің "бала сүюге, қызметте өсуге, бай болуға көмектеседі" деп қызыл жіптерді 4500 теңгеден сатқаны қоғамда қатты сынға ұшырады. 2023 жылы 23 қарашада "инфосығандардың" пайдасыз ақпараттық өнім сатуын заңмен тоқтатуды талап еткен петиция жарияланды. Алайда әлеуметтік желілерде арзан ақыл, сапасыз білім сатқыштар мәселесі Мәжіліс қабырғасында 2024 жылдың қазанында көтерілді. Қазір бұл мәселе қандай деңгейде және психолог пен медиа сарапшы Қазақстандағы "инфосығандыққа" қатысты не дейді? Бұл сұраққа BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Бизнес-тренер мен коучтарға кәсіби стандарт керек
16 қазанда Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында әлеуметтік желілердегі бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін деген сан алуан вебинар-тренингтерді сынға алды.
Оны сататындар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог пен мотиваторлар. "Аңқау елге арамза молда" демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес,- деді депутат Мәжіліс отырысында.
Депутат әлемжеліде курс, вебинар, тренинг сататындарды ешкім қадағаламайтынын айтты. Республикадағы инфобизнестің жылдық айналымына қатысты дерек келтірді.
Кейбір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! - деді депутат.
Ол инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, бизнес-тренерлер мен коучтар үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітуді ұсынды.
ЖИ мәліметінше, кәсіби стандарт – белгілі бір мамандық немесе кәсіп бойынша қызметкердің біліктілігіне, дағдыларына және міндеттеріне қойылатын ресми талаптар жиынтығы.
Премьер-министр орынбасары Парламент Мәжілісінің депутаттарына берген жауабында бизнес-тренерлер мен коучтар қызметі "Білім берудің өзге де түрлері" санатына жататынын атады.
"Кәсіптік біліктіліктер туралы" заңға сәйкес, салалық мемлекеттік органдар кәсіби стандарттарды әзірлеуі тиіс. Қазіргі таңда "Тренер (тренингтер, қайта даярлау және біліктілікті арттыру)" кәсібін Салалық біліктілік шеңберіне (СБШ) енгізу мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген жауапта.
"600-ден аса шағым тіркелген"
Биыл Мәжілістің 19 ақпандағы отырысында "инфосығандар" тақырыбы тағы көтерілді. Депутат Динара Наумова біліктілігі жоқ коучтар мен "сарапшылардың" көбеюі үлкен проблемаға айналып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, 2024 жылы қазақстандықтардың сапасыз білім беру қызметтеріне қатысты 600-ден астам шағым тіркелген. Көптеген адамдар "табысқа жеткіземіз" деген уәделерге сеніп, қомақты қаражат жұмсайды немесе несие алады, бірақ нәтижесінде ештеңесіз қалады.
Қазақстанда бұл саланы нақты реттейтін ережелер жоқ. Кез келген адам өзін коуч деп атап, курстарын сата алады, бірақ олар уәде етілген нәтижелерді бермейді. Соның салдарынан тұтынушылар да, адал мамандар да зардап шегеді, – деді Мәжіліс депутаты.
Ол бірнеше шара қабылдауды ұсынды:
- Коучтар үшін міндетті сертификаттау мен аккредитация енгізу;
- Білікті мамандардың реестрін жасау;
- Осы саладағы қызметті реттейтін заңнамалық нормаларды бекіту.
Көптеген елдерде коучтар мен тренерлерді сертификаттау процесі қатаң бақыланады. Бұл алаяқтық қаупін азайтып, халықтың сенімін арттырады. Қазақстанға да осындай механизмдер қажет, – деді Динара Наумова.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті де бизнес-тренингтер нарығын реттеу қажеттігін көтерді. Бірақ қазіргі уақытта бұл сала бойынша нақты заңнамалық шешімдер қабылданған жоқ.
26 ақпанда өткен Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров та әлемжеліде өздерін инфлюенсер, коуч деп атайтын адамдардың табыс табу жолын сынға алып, олардың көпшілігі мемлекетке салық төлемейтінін айтты.
Олардың кейбіреулері әлеуметтік желілерде үнемі сәнді өмір салтын көрсетеді, қымбат виллалардың, көліктердің және басқа да құнды заттардың суреттерін жариялайды. Осылайша, қоғамда оңай жолмен ақша табуға болады деген ой қалыптастырады. Қаржы министрлігінде осы азаматтардың тиісті салықтарды төлеуі туралы заңды құжаттары бар. Салықтарды барлығы төлеуі керек. Заң қатал, бірақ бұл – заң. Принцип барлық азаматтарға қатысты! - деді депутат.
Ол АҚШ, Англия және Қытайда контент авторлары өз қызметінен түскен табысқа салық төлеуге міндетті екенін атап өтті. Бұл елдердегі салық жүктемесі 40%-ға дейін жетуі мүмкін екенін жеткізді.
Ерлан Саиров түсініксіздік пен субъективті түсіндірулерді болдырмауға мүмкіндік беретін инфлюенсерлердің табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты критерийлерін әзірлеуді ұсынды.
"Инфосығандарды" қалай ажыратуға болады?
"Инфосығандық" терминін пайдасыз немесе жалған ақпараттық өнімдерді (курстар, тренингтер, вебинарлар) сатып, адамдарды алдап, қаржылық пайда табу әрекеті деп алсақ, SMM, YouTube менеджері, медиа сарапшы Жанасыл Болатбек Қазақстанда "инфосығандықтың" ең үлкен толқыны пандемия уақытында болғанын айтады. Бұл термин көбінесе біліксіз коучтар мен жалған сарапшылардың қызметіне қатысты қолданылады.
"Инфосығанды" үйде отырғаннан кейін бұған дейін сырттан ақша тауып жүрген блогерлердің ақша табатын жаңа форматы болды. Өйткені бұл нәрсе түбі Ресейден, ар жақтан келді ғой. Солардан көріп біздікілер сата бастады. Ал біздің халық үйде отырғаннан кейін бірдеңе үйрену керек болды. Сол кезде өте қатты дамыды. Соңғы бір-екі жылдықта бұл нәрсе негізі бәсеңдеді. Өйткені халық та түсіне бастады қай жерден не алу керегін, олар да түсіне бастады, - деді сарапшы.
Жанасыл Болатбек адамдарға табыс көзі болатындай пайдалы білім беретін инфобизнестен "инфосыған" өнімін қалай ажыратуға болатынын айтып берді.
Ол – адамның сауатына байланысты нәрсе. Өйткені сауаты бар адам алдымен ақпарат сатып жатқан адам кім, ол бұған дейін қандай жұмыстар жасаған, кейсі бар ма, жоқ па анықтап алады. Сосын шамамен түсіне бастайды. Кез келген "ойбай, мен күштімін" деген нәрсеге сауаты бар адам ермейді, - деді ол.
Медиа сарапшы сөзінше, "инфосығандарды" анықтауға болатын басты белгі – олар сататын курс-вебинарлардың тақырыбы үнемі өзгеріп отыратыны.
Әдетте "инфосығандар" дәл қазір не өзекті соны сатады. Оны әбден сатып болғаннан кейін өзгертіп, соған ұқсас басқа тақырыпты сатады. Одан кейін келесі тақырыпқа өтеді. Кейіннен үшінші тақырыпты таңдайды. Солай сатылап кете береді. Бұл – мен білетін “инфосығанның” бірінші белгісі. Өйткені бір адам он саланың маманы болмайды ғой. Бір адамның ары кетсе белгілі бір екі-үш тақырыбы болады, - деді Жанасыл Болатбек.
"Инфосығандар" күлгін көзілдірікті шешеді"
Психолог Серікгүл Сәлиден "инфосыған" құрбандарының курс алса, өмірі түбегейлі өзгеріп, бір сәтте бай, бірден табысты болып кететініне сенуі немен байланысты екенін сұрадық.
Ол халықтағы жауапкершіліктің төмен болуына байланысты. Біз осының зардаптарын көріп жатырмыз. Адамдар көп жылдар бойы істеген еңбектің нәтижесінде тәжірибе жинап, сол тәжірибенің арқасында жетістікке жетемін деп жауапкершілікпен қарамайды. Әлеуметтік желінің дамуымен адамдарда байлық бір сәтте келеді деген иллюзия пайда болды, - деді психолог.
Серікгүл Сәли әлеуметтік желіде халыққа мотивациялық психология бағытын жаппай енгізіп жатқан "мамандар" пайда болғанын айтады.
Психологияның ішінде мотивациялық психология деген бар. Осыны тек белгілі бір бағытта емес, адамдарға жаппай таратып, “ештеңе істеудің қажеті жоқ, тек аффирмация айт” деген сияқты жеңіл психологияны енгізген "мамандар" келді. Сол себептен бұл түсінік түбірін жайып тұрған. Халықта еңбек етпей-ақ жеңіл-желпі ақша тауып, жеңіл-желпі байып кеткім келеді деген жалқаулық сана тұр. Жауапкершіліктен қашатын сана. Соның кесірі бар, - деді ол.
Серікгүл Сәли 2-3 айлық оқытудан өтіп, өзін психологпын деп атап, курс-вебинарлар сататын псевдопсихологтар жөнінде де пікір білдірді.
Екі ай курс оқып, мың шәкірт оқытып жатқан психологтар ақша табу мақсатында екі-үш техниканы жақсылап игеріп, үлкен аудиторияға шығып кетеді. Олай шығып кету үшін оның харизмасы өтімді болуы мүмкін немесе ораторлық қасиеті болуы мүмкін. Бәлкім өзіне өте сенімді адам не манипуляция жақсы жасайтын адам не алаяқ. Халық алдына кез келген адамды шығара қоймайды, халықты жинау оңай емес. Сондықтан ол шықты ма, оның жұмысы нәтижесіз болып ана кісілер опық жеп қалса да, оның өзі сабақ. Ондай адамдар жаман мен жақсыны түсінуді үйретеді, - деді ол.
Психологтың сөзінше, ондай псевдопсихологтар "күлгін көзілдірікті" шешуге көмектеседі.
Менің байқағаным, ол адамдар дұрыс сөзді айтып отырған психологтарды тыңдамайды. Олардың санасы теріс айтқанды тыңдауға қалыптасқан. Сондықтан "инфосығандар" шыға берсін. Оларға барып, халық жаппай адасады. Сосын барып теріс пен дұрыстың не екенін, жаман мен жақсының не екенін ажыратады. Сондықтан кез келген осы салада жұмыс істеп жүрген адам халықтың не жақсы, не жаман жағынан көзін ашуға пайдасын тигізіп жатыр, - деді Серікгүл Сәли.