Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Алгабас ауылындағы сұмдық өрт пен Астанада фельдшердің қаза болуына қатысты көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресми хатты ДДСҰ-ның Еуропалық бюросының жетекшісі Ханс Клюге жолдаған.
Адамдарды құтқару міндетін атқару кезінде Астанада жас медицина қызметкерінің қаза болуына байланысты шынайы көңіл білдіремін.
Түркістан облысының Алғабас ауылында 9 баланы қоса алғанда, үлкен отбасының қаза болуына байланысты Қазақстанға аса қайғырып көңіл айтамыз. Балалардың өрттен қаза болуы – аса ауыр қайғы, жақындарының қандай қасірет шеккенін елестету мүмкін емес. Қажет болған жағдайда ДДҰ көмек көрсетуге дайын, - деп жазды ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын елордада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Ол көпқабатты үйдің қаптамасы опырылған кезде адамдарды құтқару үстінде ауыр жарақат алған еді.
Сондай-ақ Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында екі қабатты үй өртеніп, 12 адам қаза тапты.