Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі қай өңірде ашылады

9 Шілде 2024, 10:47
241
Бөлісу:
Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі қай өңірде ашылады
Фото: BAQ.KZ -архив

Түркістан облысында Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі шілде айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр биыл бірнеше маңызды жоба аяқталатынын атап өтті.

Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 м) шілде айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді, - деді министрі Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор ұзындығы 6 шақырым Шамалған станциясындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады.

Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық Мерке-Бурылбайтал автожолы пайдалануға беріледі.

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1 мың 300 метрлік көпірдің құрылысын да биыл аяқтау жоспарланған. Жаз мезгілінде паром арқылы, қыс мезгілінде мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір-бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін елдің иелігіне тапсырылады, - деп түсіндірді министр отырыста.

Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту мақсатында ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да биылдың соңына дейін толықтай аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы