«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, елдегі ақылы автожолдар арасында сапар саны бойынша көшбасшы – Алматы – Қонаев бағыты. 2025 жылы бұл учаске арқылы 11,8 миллион сапар жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы автожолы тұр. Аталған бағытта 9,3 миллион рет қозғалыс тіркелген. Ал үздік үштікті Шымкент – Тараз тасжолы түйіндейді – бұл бағытпен 6,5 миллион сапар жүзеге асқан.
Жалпы, өткен жылы Қазақстандағы ақылы автожолдармен шамамен 74 миллион сапар жасалған.
Қазіргі уақытта елімізде жалпы ұзындығы 4 883 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде I техникалық санаттағы 12 учаске (2 231 км) және II-III техникалық санаттағы 14 учаске (2 652 км) бар.
Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, көлік қозғалысының құрылымы ірі агломерациялар мен негізгі транзиттік бағыттар маңында сұраныстың жоғары шоғырланғанын көрсетеді. Атап айтқанда, алғашқы бес учаске барлық сапарлардың 51 пайызын, ал алғашқы он учаске шамамен 73 пайызын қамтамасыз еткен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылы Қазақстанда ақылы автожолдар желісі кеңейеді.