Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандағы ең қауіпсіз әрі таза жағажайлар анықталды

20 Тамыз 2025, 20:49
508
Бөлісу:
 Kazakh Tourism
Фото: Kazakh Tourism

"Үздік жағажай" ұлттық бағдарламасының қорытындысы бойынша 2025 жылғы маусымдағы Қазақстанның ең қауіпсіз әрі таза жағажайлары белгілі болды. Бұл байқау елдегі су айдындарында сервис пен қауіпсіздік стандарттарын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылы сарапшылық комиссия әртүрлі өңірлерден 30-дан астам жағажайды қарастырып, оларды ұлттық стандарт бойынша халықаралық Blue Flag бағдарламасының критерийлерін ескере отырып бағалады. Негізгі көрсеткіштерге акваторияның қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы, құтқарушылар мен медициналық бекеттердің болуы, суға түсу ыңғайлылығы, инфрақұрылым деңгейі және экологиялық бастамалар, мысалы қоқысты бөлек жинау мен күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары кірді.

2025 жылғы маусымның ТОП-3 үздік жағажайы:

• Wyndham Garden Beach (Ақмола облысы, Бурабай ауылы) – 170 ұпайдың 166-сы;
• Қалалық жағажай №5 (Алматы облысы, Қонаев қаласы) – 145,5 ұпай;
• Орталық жағалау (Павлодар облысы, Павлодар қаласы) – 145 ұпай.

Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз суымен, дамыған инфрақұрылымымен, балалармен отбасыларға қолайлы жағдайымен және экологиялық шешімдерді енгізуімен ерекшеленді.

Сарапшылық комиссия сондай-ақ Щучинск, Зеренді, сондай-ақ Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы жағажайларды қарастырды. Бұл аймақтардағы жағажайларды ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.

"Үздік жағажай" бағдарламасы өңірлерді демалыс аймақтарын халықаралық стандарттарға сай дамытуға ынталандырады. ТОП-3 қазіргі заманғы жағажай қандай болуы керегін көрсетеді: қауіпсіз, жайлы әрі экологиялық, – деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Бағдарлама жыл сайын ұйымдастырылып, Қазақстандағы жағажай сервистінің жоғары деңгейін сақтап тұруды жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы