Қазақстанда жылына 3 млн тонна болат өндіретін жаңа комбинат салынады

Қазақстан мен Қытай жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін комбинат салуға ниетті.

 Сауда және интеграция министрлігі Бүгiн 2026, 17:17
Бүгiн 2026, 17:17
188
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Фуцзянь провинциясында өндірістерді Қазақстанда орналастыру және қытайлық жаңа кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқылануда. Жоспарланған инвестиция көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Фуцзянь провинциясына жұмыс сапарымен барды.

Фуцзянь – Қытайдың жетекші өнеркәсіптік әрі экспорттық өңірлерінің бірі. Біз Қытаймен тұтас ел ретінде емес, нақты провинциялар деңгейінде жұмыс істейміз. Осы өңірдің порттары арқылы қазақстандық өнімдер Қытайдың оңтүстігіне және АСЕАН елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік алады, – деді Арман Шаққалиев.

Сапар аясындағы басты келісімдердің бірі – қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясымен ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселесін пысықтау.

Жоба Қазақстанда жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін металлургиялық комбинат салуды көздейді. Инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда шамамен 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағытталып, сондай-ақ экспортқа шығарылмақ, - деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар Қазақстанда бірқатар салалар бойынша өндірістерді жергіліктендіру жобалары қарастырылып жатыр.

Jinyuan тоқыма компаниясымен жіп иіру өндірісін іске қосу және шикізатты терең өңдеу бағыттары талқылануда. Weihua Heavy Machinery компаниясымен жүк көтергіш жабдықтар шығаратын өндіріс пен инженерлік орталықтар құру мәселесі қаралуда. Shenda Electric компаниясымен трансформаторлар мен электротехникалық өнімдер өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланса, Jinlun Hi-tech Fiber компаниясымен синтетикалық талшықтар мен химиялық өңдеу саласындағы жобалар пысықталуда, - деді ведомстводан.

Жалпы алғанда, бұл бастамалар Қазақстан аумағында қосылған құны жоғары өндірістер тізбегін қалыптастыруға, жаңа технологияларды енгізуге, өндірісті жергіліктендіруге және сыртқы нарықтарға шығуға бағытталған.

QazTrade дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Фуцзянь провинциясы арасындағы тауар айналымы шамамен 522 млн АҚШ долларын құраған.

Наверх