Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық пайда болады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев Мәжілісте өткен жиында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәліметінше, 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 30% жоспардың орнына 27% болған. Космостық мониторинг нәтижесінде 3 834 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, оның 75%-ы жойылды.
Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімдер мен олардың орынбасарларын қоса алғанда 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл көлемі 12,3 млн теңгеден асты. Сонымен қатар құқық қорғау органдары абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 5,2 млрд теңгеден астам айыппұл салып, оның 2,8 млрд теңгесі өндірілді, – деді Құрмалаев.
Тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесін шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату (WtE) жобалары бойынша жалпы көлемі 293 млрд теңге болатын үш инвестициялық келісімге қол қойылған.
Бұл жобалар іске асқанда жылына 1,6 млн тоннаға дейін қалдықты утилизациялауға және электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай нысандарды пайдалану кезінде заңнама бойынша энергетикалық кәдеге жаратуға жатпайтын қалдықтардың арнайы тізімі бар. Бұл тек қайта өңделмейтін фракцияны ғана жағуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге барлық WtE нысандарында эмиссияларды автоматты түрде бақылау жүйесі орнатылып, қоршаған ортаға шығарылымдар туралы деректер Экология министрлігінің ақпараттық жүйесіне онлайн режимде жіберіледі.