Жиында депутат Нұргүл Тау психология мамандығы бойынша білім беру және жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоғары оқу орындары психология саласында қанша маман даярлайды? Министрлік түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалай ма? Жаңа заң жобасы қабылданған жағдайда біліктілікті қайта даярлау мен растау талаптары білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттарға қалай әсер етеді? - деп сұрады депутат.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов бұл сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстанда 43 жоғары оқу орны психолог мамандарын дайындайды. Бакалавриат, магистратура және докторантураны қосқанда 17 мың студент психология саласында білім алуда. Жыл сайын шамамен 3,5-4 мың студент диплом алады, ал олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 73-76 пайызды құрайды. Мониторинг міндетті түрде жүргізіліп, одан әрі жалғасады.
Сондай-ақ заң жобасында психологтарды міндетті түрде қайта даярлаудан өткізу қарастырылған. Бұл ретте кәсіби стандарттар да жаңартылатын болады, - деп айтты вице-министр.