Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткерлер саны артып келеді

Бүгiн, 12:15
769
Бөлісу:
Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткерлер саны артып келеді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Соңғы 2 жылда Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткерлер саны 45,1%-ға көбейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылдың қыркүйек айындағы мәліметке сәйкес, ел экономикасында еңбекке жарамды жастан асқан 298,5 мың қазақстандық жұмыс істеген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 92,7 мың адамға көп. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) ұсынып отыр.  

Зейнеткерлер негізінен ауыл шаруашылығында (39,9%), сауда саласында (20%) және білім беру мен денсаулық сақтау саласында (16,2%) жұмыс істейді.  

Соңғы 2 жылда барлық салада егде жастағы қызметкерлердің саны артқан. Әсіресе құрылыс, мемлекеттік басқару және қаржы секторында жұмыс істейтін зейнеткерлер саны 3 есе көбейген, ал көлік, логистика, сауда және әлеуметтік салаларда бұл көрсеткіш 2 есе өскен.  

Жұмыс істейтін зейнеткерлер арасында ең үлкен топты зейнетке енді шыққандар (65 жасқа толмағандар) құрайды. Ал ең аз санатқа 85 жастан асқан азаматтар жатады. Бір қызығы, 2023 жылы 85 жастан асқан 700-ден астам адам еңбек еткен. Ал 3 жыл бұрын бұл жаста жұмыс істейтіндер мүлде болмаған.

Қазақстандық зейнеткерлердің көпшілігі жұмысын жастарға тәжірибе беру үшін жалғастырады деген болжамды тексеру үшін олардың қандай қызмет атқаратынын қарастырайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өткен жылдың қыркүйек айындағы есеп бойынша 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлердің 59,1%-ы (69,3 мың адам) біліктілігі жоқ жұмысшылар санатына жатқызылған. Олардың басым бөлігі фермерлік шаруашылықтарда – малшылар, шопандар, сауыншылар және т.б. ретінде еңбек еткен. Сонымен қатар 7,6 мың зейнеткер еден жуушы немесе басқа да қызмет көрсету жұмыстарын атқарған. Бар болғаны екі жыл ішінде мұндай қызметкерлердің саны 22 есе өсіп, 339 адамнан 7,6 мың адамға жетті. 65 жастан асқан көше саудагерлерінің саны да 13 есе көбейіп, 395 адамнан 5,2 мың адамға жетті. Ал біліктілігі жоқ қоқыс жинаушылардың саны 79,1%-ға өсіп, 3,7 мың адамды құрады. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекке ақша жетіспеуі сияқты қиындықтардан басқа, осыншама жастағы азаматтарды қызметші немесе тазалықшы болуға итермелеген қандай себептер бар? - дейді ranking.kz сарапшылары.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері тағы бірқатар тенденцияларды көрсетеді. Мәселен елімізде 2 жыл ішінде денсаулық сақтау және білім беру саласында жасы 65-тен асқан мамандардың саны күрт азайған. Демек жастарға тәлімгер болып, интеллектуалды жұмысты жалғастыра алатын адамдардың қатары едәуір сиреді.

Ал, керісінше, бизнес пен әкімшілік басқару саласына барған зейнеткер-мамандардың саны айтарлықтай артқан. Мұндай жұмыс істейтін зейнеткерлердің саны 8 мыңнан асты. 

Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер де 65 жастан кейін жұмысын жалғастыруға қарсы емес екен. Екі жыл бұрын елімізде жоғары лауазымды басшылар, заң шығарушылар және мемлекеттік қызметкерлер қатарында жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер саны небәрі 58 адам болса, 2024 жылдың қыркүйек айында олардың саны 423-ке жеткен, - дейді сарапшылар.

Өзгелердің жаңалығы