Қазақстанда жеті айда сойылған мал мен құс еті 4,1% өсті

16 Тамыз 2023, 19:46
713
Бөлісу:
Қазақстанда жеті айда сойылған мал мен құс еті 4,1% өсті
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Биылғы жылдың жеті айында шаруашылықта сойылған немесе союға өткізілген тірідей салмақтағы мал мен құс көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық статистика бюросының  мәлімдеуінше, 2023 жылы қаңтар–шілдеде айларында шаруашылықтарда 1,1 млн тонна тірі салмақтағы мал мен құс сойылды немесе союға өткізілді, бұл 2022 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 4,1% көп екен.

Тірі салмақтағы мал мен құстың басым бөлігі жұртшылық шаруашылықтарында сойылған – 588 мың тонна, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында – 336,2 мың тонна, дара кәсіпкерлерде – 217,5 мың тонна.

Өңірлік бөліністе сойылған және союға өткізілген тірі салмақтағы мал мен құстың ең көп көлемі Алматы облысына тиесілі (141,3 мың тонна), одан кейін Түркістан (126,4 мың тонна) және Ақмола облыстары (122 мың тонна).

Өткен жылдың жеті айымен салыстырғанда сойылған малдың (тірідей салмақта) ең көп өсімі Шығыс Қазақстан облысында байқалды – 28,9%. Төмендеу Алматы қаласында тіркеліп отыр – 79,5%. Сойылған ірі қара мал үлесі – 45,3%, құс бойынша 20,7%, қой – 13,6%.

Өзгелердің жаңалығы