Елімізде жемқорлыққа қатысты жаңа заң қабылданса, жемқорлардың тізімі жарияланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Профилактикалық құрал қызметін атқаратын жемқорлардың мемлекеттік тізілімі енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық мін тағумен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру.
Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер болады. Олар оған соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде енгізіледі. Ал ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылығының жойылуы негізінде алынып тасталады, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Тізілімді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізеді және ведомствоның веб-сайтында жалпыға қолжетімді болады.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастау керегін айтты.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында жер мәселесіндегі сыбайлас жемқорлықты айтып, Антикор өкіліне сұрақ қойды. Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жалақысын төлеу кезінде жасалатын жемқорлық мәселесін көтерді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мұғалім мен дәрігерге қанша теңгенің сыйлығын берсе, пара болып саналатынын түсіндірді.
Айдос Сарым жемқорлықты қалай тоқтатуға болатынын айтқаны туралы да жазғанбыз.