Қазақстанда алдағы үш жылда 35 жасқа дейінгі жастар саны 6,2 млн адамға дейін өсуі ықтимал. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесуде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта елдегі жастар саны шамамен 5,8-5,9 млн адамды құрайды. Бұл жалпы халық санының төрттен бірінен астамы деген сөз. Сарапшы жастар үлесінің артуы демографиялық құрылымға да, әлеуметтік саясаттың басым бағыттарына да әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Қазіргі таңда жастар саны 5,8-5,9 млн адам шамасында. Бұл ел халқының төрттен бірінен астамын құрайды. Сондықтан жастар демографиялық құрылымда да, әлеуметтік саясатта да маңызды орын алады, – деді ол.
Сарапшының пайымдауынша, жастар санының артуы 2000 жылдардың басында дүниеге келген буынның осы жас санатына қосылуымен байланысты. Сонымен қатар жастар арасындағы эмиграция деңгейінің төмендеуі және көрші елдерден келетін жастар санының артуы да жалпы көрсеткішке ықпал етуде.
Сонымен қатар жастар арасындағы эмиграция деңгейінің төмендеуі және көрші елдерден келетін жастар санының артуы да жалпы көрсеткішке әсер етіп отыр, – деп атап өтті Аяулым Сағынбаева.
Оның пікірінше, жастар санының өсуі еңбек нарығына, білім беру жүйесіне және тұрғын үйге деген сұраныстың артуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жастар санының артуы бір жағынан экономикалық белсенділікті күшейтсе, екінші жағынан инфрақұрылымға түсетін жүктемені де арттыруы ықтимал.
Бұл үрдіс бір жағынан экономикалық белсенділікті күшейтеді, екінші жағынан инфрақұрылымға түсетін жүктемені де арттыруы ықтимал, – деді сарапшы.
Осыған байланысты жастар саясатын ұзақ мерзімді демографиялық болжамдармен ұштастыру маңызды екенін атап өтті. Сарапшы жастарды экономикалық өсім мен қоғамдық жаңғырудың негізгі қозғаушы күші ретінде қарастыру қажет екенін ескертті.