Қазақстанның перзентханаларында Жаңа жыл түні 254 сәби дүниеге келді. Туған нәрестелердің саны жынысы бойынша ұлдар мен қыздар бірдей, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, олардың ішінде Ақтөбе облысында бір егіз дүниеге келді.
Дәстүрлі түрде ең көп нәресте туған өңірлер: Түркістан облысы – 29 бала, Шымкент қаласы – 24, Астана – 22 және Алматы қаласы – 21.
Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде экстрагениталдық патологияларды анықтау, жоспарланған жүктілікке дейін зерттеп-қараулар мен сауықтыру мақсатында профилактикалық қарап-тексерулер мен прегравидарлық дайындық жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша прегравидарлық дайындықпен қамту 11%-ға артып, әйелдердің 46,5%-ын құрады, - деп атап өтті министрліктен.
Жүктіліктің 10 аптасына дейін ерте есепке тұрған жүкті әйелдердің саны 25%-ға өсті. Бұл әрбір болашақ анаға жеке мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз етуге, сапалы антенаталдық күтім көрсетуге, қауіпсіз босануға және босанғаннан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді.