Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда жаңа заң үлескерлердің алданып қалуына жол бермейді

3 Қыркүйек 2025, 20:09
467
Бөлісу:
 - архив/ Артём Чурсинов
Фото: - архив/ Артём Чурсинов

Президент қол қойған жаңа заң үлескерлерді қорғауды күшейтуді және құрылыс саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, басты өзгерістердің бірі – құрылыс компанияларына Бірыңғай оператор ("Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ) кепілдігін алу талаптары жеңілдетілді. Тәжірибе мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды, құрылыс көлемі де төмендетілді. Сонымен қатар, құрылыс салушы активтері қысқа және ұзақ мерзімді қарыздарын алып тастағаннан кейін кемінде 10% болуы тиіс.

Қазақстанда жаңа заң үлескерлердің алданып қалуына жол бермейді

Бірыңғай оператор кепілдігі – үлескерлердің басты қорғанысы. Ол құрылыс салушы дефолтқа ұшыраған жағдайда нысанның аяқталуын қамтамасыз етеді. Бұл тетік үлескерлерге қосымша кепілсіз ипотека рәсімдеуге және зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.

Кепілдік алу үшін "ҚТК" компаниясы жобаның заңдылығын, экономикалық тиімділігін және қаржылық тұрақтылығын кешенді бағалайды. Бұған техникалық қадағалау мен үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалану мониторингі де кіреді.

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін Halyk, БЦК, Еуразиялық, Jusan және EGOV қосымшаларында үлестік құрылыстағы нысандарды тексеру сервисі іске қосылды. 2025 жылдың алғашқы жартысында оны 530 мыңға жуық пайдаланушы қолданды.

Жаңа шаралар тұрғын үй құрылысы саласындағы ашықтықты арттырып, үлескерлерді қорғауға, проблемалық нысандарды азайтуға және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы