Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, елдегі партиялық жүйені дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасының айтуынша, азаматтардың партия құру бастамасы – олардың конституциялық құқығы.
Егер азаматтар партия құрамыз десе, әрине бұл – азаматтарымыздың құқықтары. Өздеріңізге мәлім, біздің Конституциямыз партиялық жүйенің дамуына үлкен септігін тигізеді. Өйткені бірпалаталы Парламент партиялық тізімдер арқылы, пропорционалды жүйе арқылы қалыптасады, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Ол демократиялық қоғамды дамыту үшін партиялық жүйені күшейту қажет екенін атап өтті.
Демократиялық қоғамды дамыту үшін, өзім үнемі айтып жүрмін, сарапшылар да мұны айтуда. Бізге алдағы кезеңде партиялық жүйені күшейтуіміз керек. Партиялық жүйе күшеймей, партияларымыз жаңа деңгейге шықпай, әрі қарай демократиялық процестерді дамыту оңай болмайды. Сондықтан бізге дамыған партиялық жүйе керек, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Әшімбаев партиялардың билікті сынауы немесе сынамауы негізгі мәселе емес екенін жеткізді.
Билікті сынайтын немесе сынамайтын партия емес, бұл жерде ең басты мәселе – біздің азаматтарымыз өздері бірігіп, заңнама аясында ұйымдар құрамыз десе, барлық мүмкіндік бар. Сол себепті әрі қарай да ұйымдар құрылып, өз ойларын айтам десе, оған да барлық жағдай жасалған, – дейді ол.
Сенат төрағасы елде партия құруға заң аясында толық мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті.
Бұған дейін Мәулен Әшімбаев вице-президенттің тағдыры Құрылтайдан кейін шешілетінін айтқан еді.