Қазақстанда зейнет жасындағы азаматтар арасында жүрек, қант диабеті, деменция сынды созылмалы аурулар жиі кездеседі. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген ресми жауабында Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және даму департаменті мәлімдеді.
Ведомствоның айтуынша, бұл құбылыс тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде байқалады. Егде жастағы адамдар арасында сырқаттанушылықтың артуы өмір сүру ұзақтығының ұлғаюымен, халықтың қартаюымен және өмір салтының өзгеруімен тығыз байланысты.
Қарттар арасында жиі тіркелетін аурулар:
Жүрек-қан тамырлары аурулары – гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, инсульт.
Қант диабеті – әсіресе 2 типті қант диабеті егде жаста жиі тіркеледі.
Тірек-қимыл аппаратының аурулары – остеоартрит, остеопороз, артрит.
Тыныс алу жолдарының аурулары – өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), пневмония.
Онкологиялық аурулар – қатерлі ісіктің түрлі түрлері: сүт безі, өкпе, қуық безі (простата).
Неврологиялық аурулар – Альцгеймер, деменция, инсульттің салдары.
Бұл дерттердің көбі жасқа байланысты ағзада пайда болатын өзгерістермен тығыз байланысты. Олар тұрақты медициналық бақылауды және кей жағдайда үздіксіз емдеуді талап етеді.
Қарттар көп шоғырланған өңірлер
Министрлік дерегінше, зейнет жасындағы азаматтар ең көп тіркелген өңірлер мыналар:
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис, қарттар саны жағынан көш бастап тұр.
Астана – елордада да зейнет жасындағы азаматтар саны артып келеді.
Шымкент – оңтүстік өңірдегі зейнеткерлер шоғырланған қала.
Шығыс Қазақстан облысы – халықтың жас құрылымында егде жастағылардың үлесі жоғары.
Қарағанды облысы – зейнеткерлер жиі қоныстанған өңірлердің бірі.
Министрлік түсіндірмесінде көрсетілгендей, егде жастағы халық санына демографиялық, әлеуметтік және көші-қон факторлары тікелей әсер етеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балалар мен жастар арасында жиі кездесетін 6 ауру түрі жөнінде жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігі дерегіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер санатындағы азаматтар арасында бірқатар ауру түрлері жиі кездеседі.