Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты қолданыстағы мемлекеттік кепілдік жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр. Егер тиісті заң қабылданса, мемлекет енді барлық зейнетақы жинақтарының табыстылығына бұрынғыдай толық көлемде кепіл болмайды. Бұл өзгеріс, ең алдымен, азаматтарға зейнетақы активтерін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға толық көлемде беруге мүмкіндік берілуімен байланысты.
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұрынғы жүйеде мұндай кепілдік болуының өзіндік себебі болған.
Неліктен мемлекет бұрын кепілдік берді?
Бұған дейін қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын негізінен мемлекет басқарды. Азаматтардың инвестициялық бағытты таңдауға мүмкіндігі болмағандықтан, инвестициялық табыстың инфляциядан төмен болып қалу тәуекелін де мемлекет өз мойнына алған.
Енді жағдай өзгеруде. Азаматтарға өз жинағын жеке инвестициялық басқарушы компанияларға сеніп тапсыру мүмкіндігі кеңейтілмек. Ал таңдау болған жерде тәуекел де азаматтың өзіне жүктеледі.
Бұрын зейнетақы жинақтары тек мемлекеттің қарауында болды. Сондықтан мемлекет кепілдік беретін. Енді жеке басқарушы компанияларға зейнетақы жинағының 100%-ын беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай жағдайда азамат тәуекелге саналы түрде барады. Жеке компания жоғары табыс әкелуі мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары. Сондықтан мемлекет барлық тәуекелге кепілдік бере алмайды, - дейді ол.
Инфляциядан төмен табыс нені білдіреді?
Сарапшының сөзінше, басты мәселе – жинақтың номиналды емес, нақты табысы.
Егер зейнетақы жинағы жылына 6-7% өссе де, сол кезеңдегі инфляция одан жоғары болса, азаматтың сатып алу қабілеті төмендей береді. Яғни қағаз жүзінде ақша көбейгенімен, оның нақты құны азаяды.
Егер зейнетақы табыстылығы инфляциядан төмен болса, азамат нақты шығынға ұшырайды. Номиналды түрде жинақ өсіп тұрғандай көрінеді. Бірақ инфляция одан жоғары болса, ақшаңыз іс жүзінде көбеймейді. Керісінше, оның құны біртіндеп азая береді, - дейді экономист.
Жеке компанияны қалай таңдау керек?
Экономист жеке басқарушы компаниялардың кез келген ұйым емес екенін атап өтті. Олар лицензия алады, қызметі қатаң бақылаудан өтеді және әрқайсысының жарияланған инвестициялық саясаты болады.
Оның айтуынша, компания таңдағанда ең алдымен сол инвестициялық саясатқа назар аудару қажет.
Бір компания агрессивті инвестициялық саясат ұстанады. Мұнда табыс жоғары болуы мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары. Екінші компания консервативті саясат жүргізеді. Табысы тұрақтырақ, тәуекелі төмен. Сондықтан әр адам өз қаржылық мақсатына қарай таңдау жасауы керек, - дейді Айбар Олжай.
Кімге қандай стратегия тиімді?
Айбар Олжайдың пікірінше, шешім қабылдағанда жинақ көлемі де маңызды рөл атқарады.
Егер азаматтың зейнетақы жинағы қомақты болса, тәуекелі төмен әрі тұрақты инвестицияларды таңдаған жөн. Ал жинақ көлемі салыстырмалы түрде аз болса, белгілі бір бөлігін немесе толық көлемін жеке басқарушы компанияларға беріп, жоғары табысқа ұмтылуға болады.
Менің ойымша, жинағы 20 миллион теңгеден асатын азаматтар үшін консервативті саясат тиімдірек. Ал жинақ көлемі 3-6 миллион теңге шамасында болса, жеке басқарушы компаниялар арқылы қаражатты тезірек көбейтуге мүмкіндік бар. Бірақ оның тәуекелі де қатар жүреді, - дейді экономист.