Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда зейнетақы төлемдері салықтан босатылды

Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін барлық зейнетақы төлемдері, соның ішінде тұрғын үйді жақсарту немесе емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БЖЗҚ ақпаратынша, бұл өзгеріс Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын азаматтарға ғана қолданылады. Резидент еместерге берілетін зейнетақы төлемдерінен ЖТС әлі де ұсталады.

Бұрын қалай болды?

Ең алдымен, бұған дейін БЖЗҚ-дан төленетін барлық зейнетақы төлемдері табыс ретінде қарастырылып, төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұсталып келді. Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынбай аударылса да, кейін төлем жасағанда салық ұсталатын. Сонымен бірге, тұрғын үй немесе емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ЖТС ұсталып, азаматтар оны төлем алған кезде немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып төлей алатын.

2026 жылдан бастап қалай болады?

1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін барлық зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды, соның ішінде біржолғы төлемдерден де. ЖТС тек резидент еместерге төленетін төлемдерден ұсталады.

Сонымен қатар, тұрғын үй немесе емделу мақсатындағы біржолғы төлемдер бойынша зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС төлеу міндеттері жойылады. Алайда бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бұрынғыдай біржолғы төлемдер бойынша салықтық шегерім қолдану құқығын сақтайды. Бұл топқа:

  • I, II немесе III топтағы мүгедектер;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар немесе қорғаншылар;
  • жетім балаларды асырап алған ата-аналар;
  • әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер;
    жатады. Толық тізбе Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген.

Егер осы санатқа кіретін азаматтар бұрын ЖТС-ты бірден төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға өтініш беріп, растайтын құжаттарды қоса ұсынып, жаңа кодекске сәйкес салықты БЗТ алынған күннен бастап үш жыл ішінде қайта есептеп, қайтаруды жүзеге асыра алады.

Басқа өзгерістер

2026 жылдан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бірақ жұмыс берушінің қызметкер үшін аударған ерікті жарналары қызметкердің табысы болып есептелмейді және оған ЖТС салынбайды. Сондай-ақ, жұмыс беруші бұл шығындарды корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге қоса алады.

Яғни, жаңа ереже бойынша қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.

Өзгелердің жаңалығы