Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда зейнетақы көбейді: БЖЗҚ кімдерге қосымша есептейтіні белгілі болды

6 Қаңтар 2026, 18:11
705
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері бұрыннан зейнетақы алып жүрген азаматтар үшін 5 пайызға ұлғаяды. Бұл өсім ай сайынғы төлемдерді индекстеу аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салайық, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген зейнетақы төлемдерін есептеу әдістемесіне сәйкес айқындалады. Аталған құжатқа сай, зейнетақыны алғаш рет ала бастайтын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептеледі: жинақталған зейнетақы қаражаты 6,5 пайыздық төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Ал кейінгі жылдары бұл төлем жыл сайын 5 пайызға индекстеліп отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақының ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70 пайызына тең. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болып белгіленген. Ал ай сайынғы зейнетақының ең жоғары мөлшері шектелмейді және ол азаматтың жеке зейнетақы шотындағы жинақ көлеміне тікелей байланысты, - деп түсіндірді БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі.

Әдістемеде жекелеген санаттағы азаматтар үшін зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде арттырушы түзету коэффициенттерін қолдану көзделген. Оларға:

• мерзімсіз уақытқа белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
• міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген және зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар жатады.

Егер азамат осы екі санаттың талаптарына бірдей сәйкес келсе, ең жоғары мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

Жалпы алғанда, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы мөлшері тұрақты түрде аударылған зейнетақы жарналары мен жинақталған инвестициялық кіріс есебінен қалыптасатын зейнетақы жинақтарының көлеміне тікелей тәуелді. Қордан төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жеке зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып саналады. Сондықтан олар Қазақстанның азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес мұрагерлікке қалдырылады.

Еске салсақ, БЖЗҚ Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақы жүйесіне деген сенімін және жинақтаушы модельге азаматтардың қатысу белсенділігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижесін мына жерден толық оқи аласыздар.

Өзгелердің жаңалығы