Ведомствоаралық комиссия мүшелері вейптерге, сұйықтықтарға және соларға арналған хош иістендіргіштерге толығымен тыйым салу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, бұған дейін де вейп таралуымен күресу үшін Үкіметке бірқатар жүйелі іс-шара ұсынған болатын.
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Ол электронды темекінің бәріне қолжетімді және оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнаманың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерінің, прокуратураның, «Атамекен» ҰКП және басқа да мекемелердің өкілдерімен жан жақты талқыладық, - деді Ж.Сүлейменова.
Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан вейп шегуді жастар арасында белең алған өзекті мәселелердің қатарына қосуға болатынын айтты.
Өкінішке қарай, бүгінде жастар түрлі жаман әдетке бой алдыруға бейім. Нашақорлық, ойын құмарлық, буллинг және кибербуллингпен қатар вейпинг те үлкен проблемаға айналды. Қазақстан тұтынушылар лигасының ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы 372%-ға өсті. Елімізде вейп сататын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Оларға толықтай тыйым салуды Мәжіліс депутаттары мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қолдады. Бұл жерде біз балаларымыздың болашағын басты орынға қойып отырмыз, - деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесіне сәйкес, 15 жастағы ұлдардың 14%-ы және қыздардың 6%-ы вейп шегіп көрген. Бұл зерттеуді 2022 жылы қайталаған кезде вейпті тұтыну көрсеткіші 3,6%-ға күрт өскені анықталды.
Аталған норма күзде Мәжіліске еніп, жұмыс жалғасатын болады.