Ішкі істер министрлігі редакциямыздың елімізде вандализммен айналысқандар қандай жазаға тартылатыны жайлы сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабында "Вандализм" бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Вандализм, яғни тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді, жазулармен немесе суреттермен, қоғамдық құндылықтарға нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлағандар жазаға тартылады. Нақтырақ айтқанда, 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 393 200 теңгеден 786 400 теңгеге дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
2024 жылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы вандализм, бұзақылық және мүлікке қасақана зиян келтіргені үшін жауапкершілікті жетілдіру бөлігінде Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойған болатын. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекс бойынша вандализм үшін санкция (ҚК 294-бабы, 1-бөлім бойынша) 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі айыппұлдың төменгі шегін белгілеу және 50 тәулікке дейін қамауға алу арқылы күшейтілді, - делінген ІІМ-нің ресми сауалымызға берген жауабында.
Былтыр ҚК-тің 294-бабы бойынша 7 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Вандализм – бұл қоғамдық мүлікті жою және бүлдіру ғана емес, сонымен бірге мәдени мұраға, қоғамдық қауіпсіздікке және қала инфрақұрылымына үлкен қауіп төндіреді. Құқық бұзушылықтардың ішінде үйлер мен ескерткіштердің қабырғаларындағы жазулар, саябақтар мен қоғамдық бақтардағы қоқыстар, гүлзарларды таптау, аялдамаларда әйнек сындыру сияқты бұзақылықтар жиі кездеседі. Полиция қызметкерлері мұндай бұзақылықтармен белсенді күресіп, аталған әрекеттердің алдын алу және жолын кесу шараларын қабылдап жатыр.