Қазақстанда уран өндіру 2035 жылдан кейін қысқаруы мүмкін: Жаңа кен орындары қайдан табылады

Қазақстан Атом энергиясы агенттігі еліміздің уран қорын қай жерлерден іздеу жоспарланып отырғанын және болашақ атом электр станцияларын шикізатпен қалай қамтамасыз ететінін түсіндірді.

 Magnific.com/brgfx 21 Қазан 2026, 11:30
21 Қазан 2026, 11:30
131
Фото: Magnific.com/brgfx

Қазақстан болашақ атом электр станцияларын уранмен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетін сақтау үшін іздеу және геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді көздеп отыр. Қор көлемі ұлғайып, жаңа кен орындары игерілмесе, 2035 жылдан кейін уран өндіру жылына шамамен 20 мың тоннаға дейін қысқаруы мүмкін. Перспективалы аумақтар қай жерде орналасқан, барлау жұмыстарын кім қаржыландырады және мемлекет стратегиялық шикізат экспортына шектеу қоюды жоспарлап отыр ма? Бұл сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – минералдық-шикізат базасын толықтыру. Бұл тек уран кендері бар жаңа учаскелерді іздеумен шектелмейді. Сонымен қатар болашақта өнеркәсіптік өндіріске тартуға болатын қорларды растау да маңызды.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында ресурс базасын одан әрі кеңейтудің негізгі әлеуеті екі уранды провинциямен – Шу-Сарысу және Сырдария өңірлерімен байланысты екенін хабарлады.

Еліміздегі негізгі игеріліп жатқан және болашағы бар уран кен орындары осы аумақтарда шоғырланған.

Қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уранды барлауға берілген бес лицензия және бір келісімшарт негізінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жекелеген нысандарда дайындық, іздеу және барлау жұмыстары атқарылуда.

Уран қоры болуы мүмкін перспективалы учаскенің анықталуы ондағы қордың расталғанын және оны өнеркәсіптік игеруге дайын екенін білдірмейді. Алдымен аумақтың геологиялық сипаттамаларын зерттеп, ресурстық әлеуетін бағалау және қажетті зерттеулер жүргізу керек.

Олардың нәтижелері болжамды ресурстарды нақтылауға, ресурстарды өнеркәсіптік санаттағы қорларға ауыстыруға және кейіннен қорларды мемлекеттік балансқа қоюға негіз болады, – деді агенттік.

Перспективалы учаскелердің тізімі жер қойнауын геологиялық зерттеу нәтижелеріне, олардың әлеуетін растауға және одан әрі барлау жұмыстарының экономикалық тиімділігіне қарай кезең-кезеңімен жасақталады.

Неліктен 2035 жылдан кейін уран өндіру көлемі азаюы мүмкін?

Жаңа қорларды іздеу қажеттілігі қолданыстағы уран кен орындарының біртіндеп сарқылуымен де байланысты.

Ведомство түсіндіргендей, 2035 жылдан кейін өндіріс көлемінің төмендеуі уран өндіруші кәсіпорындардың жұмыс істеу цикліне байланысты болуы мүмкін. Қорлар игерілген сайын жекелеген кеніштердің жұмысы тоқтатылады.

Дегенмен әр кәсіпорынның жұмыс істеу мерзімі бірнеше факторға байланысты. Олардың қатарында қосымша барлау нәтижелері, қолданылатын технологиялар, кен орнын игерудің экономикалық тиімділігі және жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының талаптары бар. Кей жағдайларда геологиялық барлау жұмыстары қор көлемін ұлғайтып, қолданыстағы нысандардың пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ саланың дамуына қатысты ықтимал сценарий де қарастырылған.

Қор көлемі ұлғайып, жаңа кен орындары пайдалануға берілмесе, Қазақстанда уран өндіру көлемі 2035 жылдан кейін жылына шамамен 20 мың тоннаға дейін қысқаруы мүмкін, – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі.

Бұл бекітілген болжам емес, даму сценарийлерінің бірі екенін атап өткен жөн. Өндірістің нақты көлемі шикізат базасының жағдайына, геологиялық барлау нәтижелеріне, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуына, нарық конъюнктурасына және келісімшарттық міндеттемелерге байланысты болады.

Жаңа геологиялық барлау жұмыстарын кім қаржыландырады?

Уран қорларын іздеу және растау үшін қаржы қажет. Алайда қазіргі кезеңде бұл мақсаттарға қосымша мемлекеттік қаражат тарту қажет емес.

Іздеу және геологиялық барлау жұмыстары қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қазіргі кезеңде аталған жұмыстарды жүргізу үшін қосымша мемлекеттік қаржыландыру тарту қажеттілігі жоқ, – делінген ведомствоның жауабында.

Іздеу және геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру үшін шетелдік инвесторларды тарту да әзірге жоспарланбаған.

Перспективалы аумақтарды одан әрі игеру зерттеу нәтижелеріне, қорлардың расталуына және оларды игерудің экономикалық тиімділігіне байланысты болады.

150 мың тонна уран: Қазақстан қорды не үшін жасақтайды?

Ұзақ мерзімді стратегияның тағы бір бағыты – болашақ атом электр станцияларын отандық шикізатпен қамтамасыз ету.

Агенттіктің жауабына сәйкес, Қазақстан 2040 жылға қарай 100 мың тонна, ал 2050 жылға қарай 150 мың тонна уран резервтеуді көздеп отыр.

Алайда бұл міндетті түрде өндіріліп қойған уранды физикалық қоймаларда жинақтау дегенді білдірмейді.

Ведомство түсіндіргендей, резерв қалыптастыру, ең алдымен, расталған минералдық-шикізат базасының бір бөлігін осы мақсатқа бекіту арқылы жүзеге асырылмақ. Мұндай тетік болашақ атом электр станцияларының қажеттілігін ескере отырып, жекелеген қорларды өнеркәсіптік игеруге тарту қарқынын реттеуді көздейді.

Резервтің көзі ретінде бұрыннан барланған қорлар да, геологиялық барлау нәтижесінде расталып, мемлекеттік балансқа енгізілетін жаңа қорлар да қарастырылуы мүмкін.

Негізгі мақсат – отандық атом энергетикасын алдағы ондаған жылға қажетті шикізат базасымен алдын ала қамтамасыз ету.

Сонымен қатар Қазақстанның табиғи уранға деген жыл сайынғы қажеттілігі іске қосылатын атом энергоблоктарының санына, олардың қуатына, таңдалған реактор технологияларына, ядролық отын цикліне және отын жеткізу шарттарына байланысты болады.

АЭС-тердің нақты жобалары бойынша техникалық шешімдер қабылданғаннан кейін ғана түпкілікті есептеулер жасауға мүмкіндік туады.

Қазақстан уран экспортына шектеу қоя ма?

Отандық атом энергетикасын дамыту тағы бір мәселені алға шығарады: болашақ атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ету үшін Қазақстан уран экспортын қысқартуға мәжбүр бола ма?

Агенттіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта уран экспортына әкімшілік шектеу қою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

Ведомствоның бағалауынша, еліміздің табиғи уранды ішкі тұтыну көлемі қазіргі өндіріс көлемінен әлдеқайда төмен болады. Сондықтан атом энергетикасын дамыту сыртқы нарыққа жеткізуден бас тартуды көздемейді.

Қазіргі уақытта уран экспортына әкімшілік шектеу қою қажеттілігі қарастырылып отырған жоқ. Басты басымдық – ресурстық базаны теңгерімді басқару: халықаралық келісімшарттық міндеттемелерді орындау, Қазақстанның экспорттық позициясын сақтау және ішкі ұзақ мерзімді қажеттіліктерді кепілді түрде қамтамасыз ету, – деп атап өтті ведомство.

Сонымен бірге ресурстық базаның жағдайы, атом энергетикасының даму қарқыны немесе әлемдік нарық конъюнктурасы елеулі өзгерсе, мемлекет салалық саясаттың жекелеген параметрлерін қайта қарауы мүмкін.

Бұл үдеріске сыртқы факторлар да әсер етеді. Олардың қатарында ядролық отынға деген сұраныс, әлемде жаңа уран өндіру қуаттарының іске қосылуы және уран ұсынысының балама көздерінің дамуы бар.

2050 жылға қарай уран саласы қалай өзгереді?

Алдағы онжылдықтарда Қазақстан уран қорларын толықтыру, болашақ атом электр станцияларының шикізат базасын қалыптастыру және экспорттық әлеуетін сақтау міндеттерін қатар атқаруы керек. Перспективалы учаскелерді одан әрі игеру мүмкіндігі көбіне геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесіне байланысты болады.

Сонымен бірге отандық атом энергетикасын дамыту халықаралық жеткізілімдерден бас тартуды білдірмейді. Агенттік расталған ресурстық базаның бір бөлігін резервке алу арқылы болашақ АЭС-тердің қажеттілігін қамтамасыз етіп, қолданыстағы экспорттық міндеттемелерді сақтауды көздеп отыр. Ұзақ мерзімді жоспарлар қорлардың жағдайына, атом энергетикасының дамуына және әлемдік нарықтағы ахуалға қарай өзгеруі мүмкін.

Наверх