Қазақстанда кредит беру азайып жатыр

Бұл инфляцияны тежеп тұруға ықпал етіп отырған факторлардың бірі.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:44
Бүгiн 2026, 13:44
162
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Ұлттық банкі кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулағанын мәлімдеді. Бұл жағдай экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге әсер етіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Реттеушінің мәліметінше, қазіргі кезде инфляция динамикасына бірнеше фактор ықпал етуде. Оның ішінде қатаң ақша-кредит шарттары мен артық өтімділіктің қысқаруы бар.

Инфляцияның бәсеңдеуіне бірқатар фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында біршама қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының нығаюы, кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулауы, ең төменгі резервтік талаптарды кезең-кезеңімен арттыру және айна операциялары арқылы артық өтімділікті қысқарту бар, – деді Ұлттық банктен.

Сонымен қатар инфляцияға Үкімет пен Ұлттық банктің антиинфляциялық шаралары да әсер етіп отыр.

Атап айтқанда, инфляцияны тежеуде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасын көтеруге енгізілген мораторий маңызды рөл атқарды.

Ұлттық банк алдағы уақытта ішкі сұраныс пен несиелеу динамикасын бақылауды жалғастырады. Егер инфляция тұрақты түрде төмендеп, жаңа инфляциялық тәуекелдер туындамаса, реттеуші 2026 жылдың екінші жартысында ақша-кредит саясатын жұмсарту мүмкіндігін қарастыруы мүмкін.

Инфляция болжамы

Бұған дейін Қазақстанда жылдық инфляция 2026 жылдың ақпан айында 11,7% болғаны хабарланған еді. Бұл қаңтар айындағы 12,2%-бен салыстырғанда төмен.

Қазір баға өсімі 9,5–11,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұған дейінгі болжам 9,5-12,5% аралығында болған.

Реттеушінің болжамына сәйкес:

  • 2027 жылы инфляция 5,5-7,5% деңгейіне дейін баяулайды;
  • 2028 жылы шамамен 5% болатын мақсатты деңгейге жақындайды.

Сонымен бірге халықтың инфляциялық күтулері әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бір жыл алға арналған инфляциялық күтулер 13,7%-ды құрады. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда аздап төмендеген.

Базалық мөлшерлеме

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18,0% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен белгілеу туралы шешім қабылдады.

Шешім болжамдық раундтың нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағасына және инфляциялық тәуекелдер теңгеріміне сүйене отырып қабылданды, – деп атап өтті қаржы реттеуші орган.

Ұлттық банктің мәліметінше, базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі 2026 жылдың екінші жартысында қарастырылуы мүмкін.

Наверх