Сенаттың жалпы отырысында депутаттар туризм саласын және балалар спортын қолдауға қатысты заңды ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңды қабылдаудың мақсаты – экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік басымдықтарды іске асыру, ішкі және келу туризмін дамыту, адами капиталды нығайту және балалар мен жасөспірімдер үшін спорттың қолжетімділігін арттыру. Құжат аясында Қазақстанның 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заңмен танытым орталықтар дербес туризм объектісі ретінде заңнамалық мәртебеге ие болады. Оларды туристік маршруттар мен ресурстарда орналастыру, салу, қайта жаңғырту және жабдықтау тәртібі бекітіледі. Танытым орталықтар өңірлердің туристік әлеуетін ілгерілету және туристік сервистің базалық инфрақұрылымы ретінде қызмет етеді, - деп атап өтті сенатор Амангелді Есбай.
Заңда төмендегідей шаралар қарастырылған.
Туризмді мемлекеттік қолдау:
- салалық министрліктің туристік өнімге қойылатын талаптарды және мемлекеттік қолдау шараларын белгілеу жөніндегі өкілеттігі нақтыланады;
- туристік нысандар мен бағыттар бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалатын бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау тәртібі айқындалады;
- визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және қайта жаңғырту кезінде кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтеу тетігі нақтыланады.
Балалар-жасөспірімдер спортын бақылау және қаржыландыру:
- дене шынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен тыс қаражатты бөлетін бірыңғай оператордың қаржылық есебіне жыл сайын міндетті аудит енгізіледі;
- мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі бекітіледі.
Осы және басқа да шаралар туристік инфрақұрылым сапасын жақсартуға және балалар үшін спорт нысандарының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.