Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда тұрғын үй көмегі қайта есептеледі

Нұрқанат Атажан
24 Қараша 2025, 14:35
669
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап елде тұрғын үй көмегін есептеудің жаңа қағидалары күшіне енеді. Тиісті бұйрыққа Индустрия және құрылыс министрі қол қойды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жаңартылған ережелер коммуналдық қызметтердің тұтыну нормаларын қайта қарауды қамтиды. Дәл осы нормалар негізінде мемлекет отбасының қанша мөлшерде көмек алуға құқылы екенін есептейді.

Жаңа нормалар есептеулерді барынша ашық әрі нақты тұтынуға жақындату үшін енгізілді. Әсіресе, коммуналдық жүйеге жүктеме әртүрлі болатын өңірлерге маңызды, – делінген құжатта.

Енді тұрғын үй көмегін есептеу кезінде коммуналдық қызметтердің жаңартылған нормативтері қолданылатын болады.

Газбен қамту қызметі
* көпқабатты үйлер үшін – адам басына 15 текше метрден аспайды;
* жеке үйлер үшін – үйді жылытуға пайдаланылатын 1 шаршы метрге 15 текше метрден аспайды (жаңа норма).

Жылумен қамту қызметі
* есептегіш құралдары бар тұтынушылар үшін айына 1 шаршы метрге 0,025 Гкал дейін;
* есептегішсіз үйлер үшін – нормаларды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері белгілейді (ереже жаңа тармақпен толықтырылды).

Электрмен қамту қызметі
* есептеу табиғи монополияларды реттейтін жергілікті органдар бекіткен нормативтер бойынша жүргізіледі.

Сумен жабдықтау және су бұру қызметі
* суық су – адам басына 4 текше метрге дейін;
* ыстық су – адам басына 2 текше метрге дейін.

Қоқыс шығару қызметі
– адам басына 650 теңгеден аспайды.
Лифт (жеделсаты) қызметі
– пәтерге 1300 теңгеге дейін.

Байланыс
– телефон абоненттік төлемінің өсуі – 1399 теңгеден аспайды.
Мемлекеттік тұрғын үй қоры
* мемлекеттік тұрғын үйді жалға алу ақысы – 1 шаршы метрге 120 теңгеден аспайды.

Тұрғын үй нормасы
* әрбір отбасы мүшесіне – 18 шаршы метр;
* жалғыз тұратын азаматтарға – 30 шаршы метрге дейін, бірақ нақты тұрып жатқан аумақтан артық емес.

Министрлік мәліметінше, бұл жаңартылған нормалар тұрғын үй көмегін әр өңірдің жағдайын ескере отырып, анағұрлым дәл есептеуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы