Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жағдайын жақсартуға қатысты жолдаған депутаттық сауалға жауап берді.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегіне тіркелген тұрғандар саны 590 мыңнан астам адамды құрайды.Тұрғын үйге нақты жеңілдікті бағалар мен несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер түріндегі тиімді мемлекеттік қолдау шараларының тартымдылығы кезекте тұрғандар санының артуына айтарлықтай әсер етіп отырғанын атап өткен жөн, - деді Премьер-миниср.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» заң жобасы әзірленіп, 2021 жылғы 31 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Сонымен қатар әзірленген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту шаралары қарастырылған.
Яғни азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған негізгі мемлекеттік қолдау шаралары ынталандыру тетіктері арқылы қолжетімді болады:
- кезекте тұрғандардың жалдау ақысын субсидиялау;
- өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған ауылдық жұмыс берушілер шығындарының 50%-ын субсидиялау;
- азаматтарға 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру;
- жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым тарту.
Үкімет басшысының айтуынша, осы шаралардың арқасында табыс деңгейі әртүрлі жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға 10 жыл бойы кешенді мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр.