Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан әлем чемпионаты өтеді

Әсел ӘБІЛБЕК
22 Қазан 2025, 15:39
368
Бөлісу:
 Қазақстандық таеквондо федерациясы
Фото: Қазақстандық таеквондо федерациясы

Бұл туралы Уси қаласында Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының Әлем чемпионаты аясындағы жиынында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан 2027 жылғы Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдердің қатарында болған. Жиын барысында Дүниежүзілік таеквондо федерациясы мен оған мүше елдердің өкілдері Қазақстанның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Қазақстанды таеквондодан Әлем чемпионатын қабылдауға қауқарлы елміз деп санаймын. Біз кез келген жарысты жоғары дәрежеде, әлемдік талаптарға сай қабылдай алатынымызды Астанада өткен «Kazakhstan Open» жарысында дәлелдедік деп ойлаймын. Тамыз айында өткен халықаралық жарысымызға 700-ден астам спортшы қатысты. Одан бөлек, Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу мырзадан бастап, жарысымызға қонақ болған барлық өкіл жоғары бағалады, - дейді Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті Құдірет Шамиев.

Қазақстан Орта Азияда таеквондодан (WT) Әлем чемпионатын қабылдайтын алғашқы ел болып тіркелді. Федерация 2027 жылғы Әлем чемпионатын Астана қаласында өткізуді жоспарлап отыр.

2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындары алдындағы шешуші әрі жауапкершілігі мол Әлем чемпионатын елімізде өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің атын дүниежүзілік таеквондо картасында белгілейтінімізге қуаныштымыз! Барша Қазақ елін осындай сүйінші жаңалықпен құттықтаймын. Бұл біздің жұмыла атқарған жұмысымыздың жемісінің бірі, - деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Уси қаласына әлемнің 179 елінен 991 таеквондошысы 2025 жылғы Әлем чемпионатына қатысуға жиналды. 24-30 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын 16 таеквондошы қорғайды.

Өзгелердің жаңалығы