26 тамыз күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев елімізде «Ұлы Дала Жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесі өтуі туралы видеоүндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны.
Марафон Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қолдауы және «The Great Steppe Tour» Қоғамдық қоры мен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтеді.
Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон Ұлы Даланы мекендеген көшпенді халықтың мұрасы ретінде шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады. Бұған қоса, марафон отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін береді.
Жобаның мақсаты - Қазақстанмен тікелей байланысты танымал бренд құру және ұлттық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, спорттағы шеберлік пен төзімділік құндылықтарын дарыту.
17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының «Қазанат» ипподромында 100 шабандоздың қатысуымен марафонның салтанатты ашылуы болады.
18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді.
Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады.
Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы Дала Сарбазы» атағы мен 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 000 000 теңге және 15 000 000 теңге жүлделерімен марапатталады.
Жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орындары, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, БАҚ өкілдері үшін марафон аясында арнайы «Ұлы Дала Жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі. Іріктеуден өткен қатысушылар марафонның бағыты бойынша жүріп өтіп, Ұлы Даланың мәдени тұрмысына қанығады, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның географиясы, экономикасы, топонимикасы т.б жайлы құнды ақпарат алады.
Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры
Үйлестіру жұмысы: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Қосымша ақпарат: www.qazanat.kz
Баспасөз өкілдерімен байланыс:
+7 775 540 0250 Гүлбиғаш Омар
+7 775 359 6066 Арман Мускенов