Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда Цифрлық кодекс қабылданды

Кеше, 15:39
489
Бөлісу:
 Жасанды интеллект
Фото: Жасанды интеллект

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – цифрлық технологияны дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және қауіпсіз әрі орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі құжат.

Құжаттың қабылдануы елдің жекелеген цифрлық шешімдерден қауіпсіздік пен жауапкершілігі белгіленген, азаматтардың құқықтарын қорғау ережелеріне негізделген жүйелі цифрлық экономикаға көшуіне жол ашады.

Цифрлық кодексте алғаш рет адамдардың цифрлық құқықтары заңнамалық тұрғыда бекітілді. Азаматтарға дербес деректерді жою, оларды өңдеуді шектеу, жасыру құқығы берілді. Биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Сондай-ақ алгоритмдік және автоматтандырылған жүйелердің көмегімен қабылданған шешімдерді уәкілетті мамандардың қатысуымен қайта қарау құқығы енгізілді. Бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін цифрлық және жасанды интеллект шешімдерінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.

Кодекс өзара іс-қимылды құқықтық тұрғыда реттеуге мүмкіндік береді. Электрондық құжаттармен қатар цифрлық құжаттар, цифрлық мәліметтер және цифрлық растаулар ұғымдары (кодтар, бір реттік идентификатор, push-хабарлама және биометриялық әдістер) енгізілді.  Сондай-ақ Ұлттық цифрлық нысандардың құқықтық мәртебесі айқындалды.

Цифрлық кодекс смарт-контрактілерді, таратылған жүйелерді және цифрлық кондоминиумды қоса алғанда, заманауи технологиялық шешімдерді қолданудың құқықтық шеңберін белгілейді. Бұл азаматтар мен бизнестің мобильділігін арттыруға жағдай жасайды. Елде алғаш рет Цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымы платформасы ұғымы енгізіледі. Ол цифрлық деректерге қол жеткізудің, оларды пайдаланудың ашық әрі айқын шарттарын қамтамасыз етеді.

Құжат мемлекеттің цифрлық жүйесін қалыптастыру негізін қалайды, сондай-ақ цифрлық шешімдердің: соның ішінде жасанды интеллектіге негізделген шешімдердің үйлесімді енгізілуі мен дамуына бағытталған.

Цифрлық трансформация міндетті процесс. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері жыл сайын цифрлық трансформация бағдарламаларын әзірлеп, іске асыратын болады. Бұл бағдарлама нәтижелері олардың қызмет тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болмақ.

Кодексте киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Цифрлық нысандарды, деректер мен инфрақұрылымды қорғаудың жаңа стандарттары белгіленеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдар мен халықтың мобильдігі төмен топтары үшін цифрлық технологиялар мен сервистер қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер ұсынылған.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Цифрлық кодекстің қабылдануы инновацияларды енгізу, жасанды интеллектіні пайдалану және азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтай отырып, Қазақстанның орнықты әрі қауіпсіз цифрлық дамуына арналған құқықтық негізін қалыптастырады.

Өзгелердің жаңалығы