Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді

3 Қыркүйек 2025, 16:18
871
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Қан тапсыру – адамгершілікке тән іс. Елімізде қан донорлығы жолға қойылған. Қан доноры болып, адамдарға көмектесудің қыр-сырымен BAQ.KZ тілшісі елордадағы "Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы" ШЖҚ РМК ұйымдастырған баспасөз турында танысты.

 

Демалыссыз жұмыс істейтін орталық

Қан тапсыруға келген әрбір азаматты орталықтың есігінен кірген сәттен бастап әкімгер күтіп алып, сауалнамасын толтыруға бағыттайды. Барлығы ыңғайлы әрі құпиялылығы сақталған жағдайда жасалады. Дәрігерлер донордың денсаулығын тексеріп, қан немесе оның компоненттерін тапсыруға болатынын анықтайды.

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді

18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асатын, қарсы көрсетілімдері жоқ кез келген азамат донор бола алады. Шектеулер жоқ, бірақ шешімді әрбір адамның жағдайына қарай дәрігер жеке қабылдайды, - деп түсіндірді орталық дәрігері, Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі, трансфузиолог-терапевт Әйгерім Сағамбаева.

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді

Осылайша, донор болғысы келген әрбір адамның денсаулығы алдын ала тексеріледі. Медициналық сараптамадан кейін азаматтың қан немесе қан компоненттерін тапсыратыны анықталады. Егер тромбоцит донорлығына бағытталса, қосымша қан талдауы жасалады. Барлық үміткерлер міндетті түрде дәрігердің қарауынан өтеді.

 

Тромбоциттің «құпиясы»

Тромбоцит – қанның ең нәзік, бірақ ең маңызды жасушаларының бірі. Олар жараның бетін жауып, қан кетуді тоқтатуға көмектеседі.
Кейде ауыр дерттерді емдеу барысында, әсіресе химиотерапия кезінде, науқастың тромбоцит деңгейі күрт төмендейді. Бұл – лейкоз, лимфома, апластикалық анемия сынды қан ауруларында жиі кездесетін жағдай. Мұндайда аз ғана қан кету де өте қауіпті болуы мүмкін.

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді

Кейбір ауруларды емдеу барысында, әсіресе химиотерапия кезінде, науқастардың ағзасында тромбоциттердің мөлшері күрт азаюы мүмкін.
Бұған ең алдымен қанның қатерлі аурулары – лейкоз, лимфома, апластикалық анемия және басқа да дерттер жатады. Сонымен қатар тромбоциттер онкологиялық науқастарға, ауыр жарақат алғандарға, босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге аса қажет. Егер тромбоциттердің мөлшері тым төмендеп кетсе, өздігінен қан кету қаупі туындайды. Мұндай қан кетулер, әсіресе мида орын алса, өте қауіпті болуы мүмкін, - дейді «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы, жоғары санатты дәрігер-трансфузиолог Сәния Әбдірахманова.

Қазіргі медицинаның мүмкіндігіне сүйене отырып, бұрын жазылмайды деп саналатын аурулардан айығуға болады. Сондықтан тромбоцитке деген сұраныс бүкіл әлемде артып келеді. Қазақстанда соңғы он жылда оның қажеттілігі екі есеге көбейіп, 61,5 мың дозаға жеткен.

 

Донор болу қиын емес

Тромбоцит донациясы кезінде қан арнайы аппарат арқылы бөлінеді. Донордан тек тромбоцит пен плазма алынады, ал эритроциттер мен лейкоциттер сол сәтте қайта оралады. Бұл шамамен 1–1,5 сағат уақыт алады.

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді


Донорлар арнайы жайлы креслода отырып, теледидар көре алады. Ең бастысы – алынған тромбоцит мөлшері донор ағзасына зиян емес, ол 3–5 күн ішінде толық қалпына келеді. Сондықтан тромбоцитті әр 14 күн сайын тапсыруға мүмкіндік бар.

 

Күн сайынғы қажеттілік

Қан компоненттерін ұзақ сақтап қою мүмкін емес: эритроциттер – 42 күнге, тромбоциттер – бар болғаны 7 күнге жарамды. Осы себепті донорлар күн сайын қажет.

Қазақстанда жылына 400 мыңға жуық қан құю рәсімі жасалса, тек Астананың өзінде күніне 150–200 адам донор болуы тиіс. Оның ішінде 30–50-і тромбоцит донорлары болуы қажет.

Қазақстанда тромбоцит донорлығы дамып келеді

Мәселен, елордадағы Қан орталығы жылына 40 мыңға жуық донорды қабылдап, 70 мың доза қан және оның компоненттерін дайындайды. Ал тұрақты донорлардың уақытында келуін қамтамасыз ету үшін операторлар күніне 1 мыңға дейін қоңырау шалады.

 

Әрбір тамшы – үміт

Тромбоциттің өмірді сақтап қалудағы маңызы орасан. Бұл – әрбір донордың жасаған игі ісі науқастың екінші тынысына, үмітіне, өмірінің жалғасуына себеп болады деген сөз.

«Әрбір азаматтың үлесі – бір өмірдің жалғасуы» – орталық дәрігерлерінің жиі айтатын сөзі осы.

Өзгелердің жаңалығы