Абай облысында денсаулық сақтау саласына жүргізілген жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында бірыңғай дистрибьютордың медициналық препараттарды уақытылы жеткізбеу фактілері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл тәжірибе тегін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне және пациенттердің оларды өз қаражатына сатып алуына алып келді.
Медициналық мекемелерде нақты жағдайды жасыру үшін «жалған рецепттер» жазылған. Құжаттарға сәйкес пациенттер дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Талдау қорытындысы бойынша Абай облысының барлық емханаларында EGOV Mobile қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөлімінде QR-код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жүйесі енгізілді.
Қазіргі уақытта бұл дәрі-дәрмектерді алудың балама әдісі табылды, ол қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетуде.
QR-код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жөніндегі жоба іске қосылды және барлық республика бойынша масштабталды.
2024 жылы пациенттер санының 14%-ға өсуіне қарамастан (2023 ж. – 77,6 мың, 2024 ж. – 88,8 мың), Абай облысында жазылған рецепттер санының 24,8 мыңға төмендеуі байқалады (2023 ж. – 707,6 мың рецепт, 2024 ж. - 682,4 мың рецепт).
Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жалған рецепттерді шығару, дәрі-дәрмектерді жымқыру қаупін едәуір азайтып, бюджет қаражатын үнемдейді, - делінген хабарламада.