Қазақстанда су үнемдеу технологияларын жасайтын 5 шетелдік зауыт ашу жоспарланып отыр

Бүгiн, 19:16
112
Бөлісу:
Қазақстанда су үнемдеу технологияларын жасайтын 5 шетелдік зауыт ашу жоспарланып отыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеу технологияларын дайындаумен айналысатын шетелдік компанияларды елімізге тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірге екі түрік және бір қытай компаниясы Қазақстанда жаңбырлатып суару машиналарының өндірісін іске қосу бойынша үш жобаны іске асырып жатыр.

Бұдан бөлек, биыл Түркістан облысында қытайлық компаниялармен бірлесіп тамшылатып суару жабдығын шығаратын екі зауыт ашу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда су үнемдеу технологияларын жасайтын төрт отандық зауыт жұмыс істейді.

Бұл Астана қаласындағы жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыт, Түркістан облысы мен Алматы қаласында тамшылатып суару жабдығын шығаратын екі зауыт және Түркістан облысында су үнемдейтін жүйелердің екі түрін де жасайтын бір кәсіпорын бар.

Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның су саласына шетелдік технологиялар мен инвестицияларды тартудың маңызын тағы да атап өтті. Бүгінде біздің министрлік шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасайды. Бұл іс-шаралар өткен жылы 158 мың гектар егіс алқабына су үнемдейтін жүйелерді енгізуге мүмкіндік берді,- деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрлігінің Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.

Өзгелердің жаңалығы