Қазақстанда су тапшылығын жасанды интеллект болжайтын болады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз үшін су ресурстарының стратегиялық маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда технологияның жоқтығынан қыруар су далаға кетіп жатыр.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 11:31
Бүгiн 2026, 11:31
177
Фото: pixabay.com

Бүгін Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрландыру мәселесін көтерді. Төраға саланың дамуын тежеп тұрған түйткілдерге тоқталып, су ресурстарын басқарудың жаңа моделін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды жетілдіруге үнемі баса мән беріп келеді. Жалпы, қазір еліміз жаппай цифрландыру кезеңіне қадам басқаны белгілі. Соның аясында агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы саласында да жаңа мақсаттар айқындалып отыр. Біз жекелеген мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан ресурстарды «smart» басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді қолға алып отырмыз. Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар 40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұндай жағдай су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет екенін көрсетеді, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ол цифрландырудың жай ғана ақпарат жинау емес, судың әр тамшысын бақылау құралына айналуы тиіс екенін қадап айтты. Төраға жекелеген сервистерден бас тартып, бірыңғай цифрлық контурға көшуді ұсынды. Бұл жүйе жасанды интеллект көмегімен алдағы қауіптерді болжауға тиіс.

Бүгінде деректер мен процестерді интеграциялау және сол арқылы басқарудың жаңа деңгейіне көтерілу стратегиялық міндетке айналып отыр. Осы бағытта жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану аса маңызды. Келесі міндет – жаңа технологиялар, оның ішінде цифрлық шешімдер арқылы ауыл шаруашылығында судың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Су ресурстарының азаюы әлемдік деңгейде де, біздің Орта Азия өңірінде де ең маңызды, өзекті, стратегиялық мәселеге айналып отырғанын білесіздер. Сол себепті, су ресурстарын цифрландыру, ең алдымен, суды тиімді пайдалануды арттырады. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес, нәтижелер де бар. Былтыр су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде 874 млн текше метр су үнемделді деген ақпаратты Министрлік беріп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, - деді Сенат төрағасы. 

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев бірнеше басымдықтарға тоқталды.

Судың қозғалыс жолының барлық кезеңінде цифрлық есепке алу мен бақылау жүйесін қалыптастыру аса маңызды. Автоматтандыру, онлайн-мониторинг және суды пайдаланудың нақты деректерін беретін жүйе болуға тиіс. Сонда ғана судың шығынын және қабылданған шешімдердің қаншалықты тиімді екенін дәл бағалауға болады. Сол арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігін де арттыруға жол ашылады, - деді ол. 

Сенат басшысы мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың қайтарымы болуы керектігін де айтты.

Егер мемлекет заманауи технологияларға субсидия берсе, оның нәтижесі де айқын көрінуге тиіс деп есептейміз. Қанша су үнемделді, өнімділік қалай өзгерді, мал шаруашылығының тиімділігі нақты қаншалықты артты, жерді пайдалану тиімділігі қалай жақсарды деген сауалдарға цифрлық платформа аясында жауап берілу керек. Мұндай тәсіл бюджет қаражатын бөлуді барынша ашық және қолдау шараларын нысаналы әрі нәтижелі ететіні сөзсіз. Осылайша, цифрландыру жай есеп үшін немесе тек ақпарат үшін емес, саланың нақты өнімділігін арттыру және жаңа басқару технологияларын енгізу үшін жұмыс істеуі керек, – деп түйіндеді сөзін Әшімбаев.

Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов Қазақстан «ақылды зауыттарға» көшетінін айтқан болатын. 

Наверх