Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда студенттердің стипендиясын көтеру ұсынылды

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін аграрлық және ветеринарлық мамандықтарға арналған мемлекеттік гранттар мен студенттердің шәкіртақыларын арттыру қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өз сауалында атап өткендей, соңғы 10 жылда жалпы мемлекеттік білім беру гранттары көбейгенімен, ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыттарындағы гранттар үлесі керісінше 8,5%-дан 4,2%-ға дейін қысқарған. Мысалы, 2025 жылы өсімдік шаруашылығы бойынша гранттар саны 37%, мал шаруашылығы бойынша 23% қысқарған.

Сонымен қатар, аграрлық мамандықтағы студенттердің шәкіртақысы қазіргі таңда 52 мың теңге, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда төмен, сондықтан ауыл жастарының осы салаға тартылуы қиынға соғып отыр, - дейді ол.

Депутат Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тәжірибесін мысалға келтіріп, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқаруға беру арқылы көптеген индикаторларға қол жеткізілгенін атап өтті.

Жанарбек Әшімжанов мына ұсыныстарды енгізуді сұрады:

  • «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша гранттар санын арттыру;
  • Студенттердің шəкіртақысын педагогикалық және медициналық бағыттармен теңестіру;
  • ҚазҰАЗУ-ның 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел бекіту;
  • Ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту.

Депутаттың пікірінше, бұл қадамдар ауыл жастарын аграрлық білім алуға тартуға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін студенттердің стипендиясы 260 мың теңгеге дейін жететінін айтқан болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы