Елімізде халықтың денсаулығын қорғау мақсатында тегін скринингтік тексерулер жүргізіледі. Скрининг не үшін қажетжәне кімдер өтуі керек шолу жасаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Скрининг деген не?
Скрининг - бұл аурудың алғашқы белгілері пайда болмай тұрып, денсаулық жағдайын алдын ала тексеру Оның басты мақсаты қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті секілді кең таралған ауруларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде емдеу.
Скринингтен қашан және қалай өтуге болады?
Скринингтік тексеруден өту тәртібі мен көлемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекспен реттеледі. Аталған Кодекстің 80-бабы 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық тексерулерден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.
Тексеруден өту тешқандай шағымы жоқ, өзін сау сезінетін адамдарға да қажет. Бұл өз денсаулығына сенімді болу үшін жасалады. Скрининг толық көлемде тегін жүргізіледі.
Осы уақытқа дейін онкоскрининг тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында ғана қолжетімді болды. Алайда, 2025 жылдан бастап онкоскринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне (ТМККК) енгізілді. Енді ол барлық азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді, - дейді ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы МСАК орталығының бас маманы Жадыра Айнекова.
Скринингтен қай жаста өтеді?
- Артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтау: ерлер мен әйелдер 40–76 жас аралығында;
- Қант диабетін ерте анықтау: ерлер мен әйелдер 40–76 жас аралығында;
- Глаукоманы ерте анықтау: ерлер мен әйелдер 40–76 жас аралығында;
- Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау: әйелдер 40–76 жас аралығында;
- Жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтау: әйелдер 30–74 жас аралығында;
- Тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтау: ерлер мен әйелдер 50–76 жас аралығында;
- В және С вирустық гепатитін ерте анықтау:
Скринингтен өтуді неге кейінге қалдыруға болмайды?
Көптеген аурулар ерте кезеңде ешқандай белгілерсіз дамиды. Сіз ағзаңыздағы қауіп туралы білмеуіңіз мүмкін. Скрининг ауруды клиникалық белгілері шықпай тұрып анықтауға мүмкіндік береді. Бұл кезде емдеу анағұрлым тиімді,- дейді маман.
Скринингтен жүйелі өту созылмалы және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайтады, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады.
Егер тексеру барысында ауытқулар анықталса, сізді қосымша диагностикалық тексеруге немесе бейінді маманның кеңесіне жібереді.Диагноз расталған жағдайда тиісті ем мен бақылау тағайындалады. Егер денсаулығыңыз жақсы болса, оны растайтын қорытынды және алдын алу бойынша ұсыныстар аласыз. Денсаулығыңызды қорғаңыз, скринингтен уақытында өтіңіз. Аурудың алдын алу емдеуден әрқашан жеңіл әрі тиімді. Скринингтік тексерулерге жауапкершілікпен қараңыз. Бұл – сіздің құқығыңыз әрі болашағыңызға қосқан үлесіңіз, - дейді Жадыра Айнекова.