Елімізде шұғыл медициналық көмек қарқынды дамып келеді. Елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы саладағы жетістіктер мен былтыратқарған жұмыстары, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызметтері туралы орталықтың басқарма төрағасы Әділбеков Ержан Боранбайұлы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында баяндап берді.
- Ержан Боранбайұлы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Орталық нақты немен айналысады?
- Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы (ҰШМҮО) – бұл шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесінің заманауи және тиімді кластері. Көп салалы ауруханамыз пациенттерге медициналық авиация арқылы жедел көмек көрсетіп, елдегі барлық өңірлерде жедел медициналық қызметті үйлестіруді жүзеге асырамыз. ҰШМҮО-на жедел медициналық көмек қызметін үйлестіру функциясы жүктелген. Бізге 20 тәуелсіз өңірлік станцияны басқару тапсырылған. Біздің негізгі рөлімізге ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсету, статистикалық деректерді жинақтау және талдау, шұғыл көмек стандарттарының сақталуын қадағалау, сондай-ақ жедел медициналық қызметтің құрылымы мен жұмыс процестерін жетілдіруге қатысу кіреді.

Қазіргі уақытта ҰШМҮО базасында Телемедицина және қашықтықтан медициналық қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ол реанимациялық бөлімшелердегі ауыр және аса ауыр науқастарды, сондай-ақ акушерлік патологиясы бар критикалық жағдайдағы пациенттерді тәулік бойы бақылап отырады. Сонымен қатар, орталық құрамына Оқыту-тренинг орталығы кіреді. Оның негізгі мақсаты — халықаралық стандарттарға сәйкес шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын үйрету және тәжірибелік жетілдіру болып табылады. Осы тұста тағы айта кететін жәйт, ҰШМҮО ауруханасының құрамында Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Ол ми қан айналымының өткір бұзылыстары бар науқастарға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Оған қоса, Жүрек ырғағы орталығы іске қосылды. Бұл орталық жүрек ырғағының бұзылыстарын заманауи технологияларды пайдалана отырып диагностикалау және емдеуге маманданған.

- Орталықтың клиникалық базасы мен құрылымына тоқталсақ?
- Біздің орталық 250 төсек-орынға арналған заманауи клиникалық базамен жабдықталған. Мұнда 29 медициналық профиль бойынша қызмет көрсететін 9 клиникалық орталық жұмыс істейді. Бұл құрылым пациенттерге кешенді және көпсалалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

- Аурухананың медициналық жабдықталу деңгейі қандай?
- ҰШМҮО жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 256 кесінділі компьютерлік томография, 3 Теслалық магниттік-резонанстық томография, ангиографиялық жүйе, рентген және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, сондай-ақ, 12 заманауи операциялық зал жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта KINEVO 900 роботтандырылған хирургиялық визуализация жүйесі енгізілгенін атап айту керек.

- 2025 жылы еліміздегі медициналық авиация қызметімен қанша науқас тасымалданғанын бөліссеңіз?
- Ең алдымен, біздің ауруханамыздың басты ерекшелігіне тоқтала кетейін. Ол өз тікұшақ алаңы мен тұрағымен жабдықталған, бұл бізге жақын маңдағы елді мекендерден пациенттерді жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Халықаралық рейстерге келетін болсақ, Германия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Түркия, Мысыр және Қырғызстаннан жалпы 9 халықаралық рейс ұйымдастырылды. Сонымен бірге, донорлық органдарды тасымалдау және медициналық мамандарды қолдау мақсатында 10 ұшу жүзеге асырылды.

- Халықаралық ынтымақтастық мәселесі мен атқарылған ауқымды шараларға тоқталсаңыз?
- 2025 жылдың 7 сәуірінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Түркі мемлекеттер ұйымына мүше елдер арасында шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. Осы жылы 13-14 мамырда Астана қаласында Еуразиялық шұғыл медицина қауымдастығының III съезінің шеңберінде «Шұғыл медицинаны дамытудың заманауи тұжырымдамалары мен перспективалары» атты халықаралық конференция болды. 20-21 маусымда Астанада Халықаралық сарапшылар мен Қазақстан Республикасының инсульт қызметі мамандарының қатысуымен «Инсульт мектебі – 2025» атты ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Ал, 30-31 қазанда Орталық Азия Аритмология саммиті, 14-15 қарашада I Қазақстандық колоректальды хирургтар конгресі өткізілді. Бұл шаралар бізге халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасып қана қоймай, өзара әріптестік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
.jpg)
- Білуімізше, орталықтарыңызда Ашық есік күндері тұрақты түрде ұйымдастырылады екен. Осы іс-шаралар туралы толығырақ айтып берсеңіз?
- 27 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, орталығымызда Ашық есік күні өткізілді. Іс-шара барысында Астана қаласының егде жастағы тұрғындары, оның ішінде зейнеткерлерге тегін медициналық тексерулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ 29 қазанда Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай тағы бір Ашық есік күні өтті. Мұндай шаралар азаматтарға денсаулықтарын уақытында бақылауға мүмкіндік береді және халық арасында алдын алу мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады деп үміттенеміз.

- Жыл сайын Жедел медициналық жәрдем бригадаларының Республикалық чемпионаты өткізілетінін білеміз. Осы жарыс туралы айтып берсеңіз, оның мақсаты мен маңызы неде?

- Иә, бұл чемпионат жыл сайын еліміздің әртүрлі қаласында өткізіледі. 2025 жылғы 17 қыркүйекте Ақтау қаласында Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Жедел медициналық жәрдем бригадаларының Республикалық чемпионаты ұйымдастырылды. Чемпионатқа Қазақстанның 20 өңірінен келген жедел жәрдем бригадаларымен қатар, Ресей, Беларусь және Әзербайжан елдерінен келген шетелдік командалар да қатысты. Бұл іс-шара жедел жәрдем қызметкерлерінің тәжірибелік дағдыларын шыңдауға, сонымен қатар, күрделі клиникалық жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретуге бағытталған.

- Былтыр дәрігерлер Ауғанстанға гуманитарлық медициналық көмек көрсету мақсатында іссапарға барды деп естідік. Мамандар қандай жұмыс атқарды және бұл миссияның маңызы неде?
- Иә, 2025 жылдың 13 қарашасында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының дәрігерлері Ауғанстанның Кабул қаласына гуманитарлық медициналық көмек көрсету мақсатында 10 күндік іссапармен барды. Мамандар тобына урологтар, нейрохирургтар, травматологтар, хирургтар және басқа да жоғары білікті дәрігерлер кірді. Біздің мекемеден білікті уролог мамандарын жібердік. Сапар барысында олар науқастарға күрделі хирургиялық операциялар жасады, медициналық кеңестер берді және жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Мұндай гуманитарлық миссиялар арқылы біз адамзатқа өз пайдасымызды тигізіп, кәсіби тәжірибемізді одан әрі жетілдіруге мүмкіндік аламыз деп санаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!