Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 1,3 млн гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізілген. Бұл биыл жоспарланған жұмыстар көлемінің 62%-ын құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында зиянкестерге қарсы күрес шараларын жүзеге асырып келеді.
Министрліктің хабарлауынша, өңдеу жұмыстары фитосанитариялық мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып жүргізіледі. Химиялық өңдеу тек зиянкестердің таралу ошақтары анықталып, олардың саны экономикалық зияндылық шегіне жеткен жағдайда ғана іске асырылады.
Қазіргі уақытта республика бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу жалғасуда. Мониторинг пен қорғау шараларына шамамен 3,5 мың маман тартылған. Өңірлер қажетті көлемде пестицидтермен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
Шегірткеге қарсы күреске әуе кемелері, 103 пилотсыз ұшу аппараты және арнайы жерүсті техникалары жұмылдырылған. Жалпы саны 556 техника бірлігі өңдеу жұмыстарын жүргізуге қатысып жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, еліміздегі фитосанитариялық жағдай тұрақты және бақылауда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шегіртке зиянкестерінің жаппай таралу қаупі төмендетілген.
Соңғы жылдары өңдеуді қажет ететін алқап көлемінің азаюы да байқалады. Мәселен, 2025 жылы 2,7 млн гектар жер өңделген болса, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 13%-ға төмен. Ал 2026 жылы болжамды өңдеу аумағы 2,2 млн гектарды құрап отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 30%-ға аз.
Министрлік жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтіруге жол берілмегенін атап өтті. Шегірткеге қарсы қорғау шараларын аяқтау 20 шілдеге жоспарланған.