Қазақстанда шегірткеге қарсы 1,3 млн гектар жер өңделді

17 Маусым 2024, 21:30
388
Бөлісу:
Қазақстанда шегірткеге қарсы 1,3 млн гектар жер өңделді
Фото: АШМ

Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы аумақтарды химиялық өңдеу бойынша қорғау шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

17 маусымдағы жағдай бойынша үйірлі шегірткелердің 2,5 миллион гектар болжамды таралу аймағының қазіргі уақытта 1,3 миллион гектардан астам аумақ өңделді.

2500 мыңнан астам адам жұмылдырылды, 427 арнайы бүріккіш техника пайдаланылуда.

271 мың гектар аумаққа шегірткенің таралуы болжанған Түркістан облысында марокко шегірткелеріне қарсы 348 мың гектарға жуық аумақ өңделді. Қорғау шаралары аяқталды. Жағдай тұрақты, мониторингтік зерттеулер жалғасуда.

Қостанай облысында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда, 184 мың гектар алқап өңделді. 130 қызметкер мен 55 техника жұмылдырылды.

Ақтөбе облысының 12 ауданында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 432 мың гектарға жуық немесе жоспарланған көлемнің 55 пайызына жүргізілді. 74 техника пайдаланылады. Шегірткелердің инкубациялық жерлерін зерттеуге және анықтауға 600-ге жуық адам жұмылдырылды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов осы өңірде жұмыс атқаруда.

Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 350 мың гектар алқап өңделді.

Өңделетін аумақтар анықталған жағдайда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары басталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дер кезінде қорғау шараларын ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Шегіртке зиянкестері көп таралған аймақтардың тұрғындарынан шегіртке үйірлерін байқаған жағдайда дереу аудандық штабқа хабарлауын сұраймыз, - делінген АШМ таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы