Қазақстанда шахтерлер қанша жалақы алады? Кей мамандардың табысы 1,7 млн теңгеге жетеді

Шахтадағы еңбек оңай емес. Бірақ табыс қанша? Бір маман айына 1,7 млн теңге алса, кейбірінің жалақысы 200 мың теңгеге де жетпейді.

25 Тамыз 2026, 18:52
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 25 Тамыз 2026, 18:52
25 Тамыз 2026, 18:52
198
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда Шахтер күні атап өтіледі. Бұл мамандық дәстүрлі түрде ең ауыр әрі қауіпті кәсіптердің бірі саналады. Алайда жоғары тәуекел жоғары жалақымен өтеле ме? Ұлттық статистика бюросының деректері көрсеткендей, саладағы табыс мамандыққа қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Сонымен қатар жұмысшылардың басым бөлігі әлі де зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді, деп хабарлайды Energyprom.kz.

Орташа жалақы – 839 мың теңгеге дейін

Қатты пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты салаларды жеке қарастырсақ, олардың ешқайсысында орташа жалақы 1 миллион теңгеге жетпейді.

2026 жылдың бірінші тоқсанындағы ең жоғары көрсеткіш металл кендерін өндіру саласында тіркелді – айына 839,3 мың теңге. 2020 жылдан бері бұл саладағы орташа номиналды жалақы 2,7 еседен астам өскен.

Көмір өндіру саласында орташа айлық жалақы 722 мың теңгеге жетті.

Өзге пайдалы қазбаларды өндіретін кәсіпорындардың қызметкерлері бұдан едәуір аз алады – орта есеппен 462,7 мың теңге. Дегенмен бұл салада да 2020 жылдан бері жалақы шамамен 2,6 есе өскен.

Айта кету керек, бұл – тұтас салалар бойынша есептелген орташа көрсеткіштер. Нақты шахтердің жалақысы бұдан айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.

Шахтада кімдер миллионнан астам жалақы алады?

Жекелеген мамандықтарды қарастырсақ, шахтерлер арасында айына 1 миллион теңгеден астам жалақы алатын мамандар бар.

2025 жылғы деректерге сәйкес, кенжаршылардың орташа жалақысы шамамен 1 миллион теңге болған. Жерасты жұмыстарындағы бұрғылау қондырғысының шеберлері шамамен 1,2 миллион теңге, ал тау-кен жұмыстарының меңгерушілері орта есеппен 1,7 миллион теңге алған.

Жалақысы жоғары мамандар қатарында тазарту кенжарындағы тау-кен жұмысшылары да бар – 927,3 мың теңге. Тау-кен өндіру машиналарының машинистері орта есеппен 923,1 мың теңге алған. Ал жерасты тау-кен монтажшыларының орташа жалақысы 855 мың теңгені құраған.

Сонымен бірге сала ішіндегі табыс айырмашылығы өте үлкен. Мәселен, бұрғылау және тау-кен жұмыстары бойынша механиктер орта есеппен 165 мың теңге, разрездің тау-кен жұмысшылары 209,7 мың теңге, ал төңкергіштердің жалақысы 349,4 мың теңге болған.

Осылайша, қарастырылған шахтерлік мамандықтар арасындағы ең жоғары және ең төмен жалақының айырмашылығы он еседен де көп.

Салада 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді

Қатты пайдалы қазбаларды өндірудің негізгі үш бағыты бойынша жұмыс істейтіндердің саны соңғы жылдары салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр.

2026 жылдың бірінші тоқсанында қызметкерлердің тізімдік саны 121,5 мың адамға жетті.

Жұмысшылардың басым бөлігі металл кендерін өндіретін кәсіпорындарда еңбек етеді – шамамен 85 мың адам, яғни жалпы санның 70%-ы.

Көмір өнеркәсібінде 28,7 мың адам, ал өзге пайдалы қазбаларды өндіру секторында 7,8 мың адам жұмыс істейді.

76 мыңнан астам адам зиянды жағдайда еңбек етеді

Жекелеген шахтерлік мамандықтардағы жоғары жалақы тек біліктілікке ғана емес, еңбек жағдайына да байланысты.

Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде жүргізілген есеп бойынша, 76 мыңнан астам адам зиянды әрі ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейді. Бұл қарастырылып отырған салалардағы барлық жұмысшылардың шамамен 65,9%-ын құрайды.

Ең жоғары үлес көмір өнеркәсібінде тіркелген. Мұнда қызметкерлердің 81,3%-ы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді.

Металл кендерін өндіру саласында бұл көрсеткіш 63%, ал өзге пайдалы қазбаларды өндіру бағыттарында 41,5% болды.

Негізгі қауіптердің қатарында шаң, діріл, түрлі сәулелену және басқа да физикалық факторлар бар.

Көмір өнеркәсібінде мұндай факторлардың әсеріне шамамен 20,6 мың адам, металл кендерін өндіру саласында 29,6 мың адам, ал өзге өндіру бағыттарында 1,7 мың адам ұшырайды.

Тағы бір маңызды фактор – жоғары физикалық және психологиялық жүктеме. Бұл әсіресе металл кендерін өндіру саласында байқалады. Мұнда мұндай әсерге 18,3 мың адам ұшырайды.

Шахтерлер қандай жеңілдіктер алады?

Өткен жылы үш негізгі бағытта жұмыс істейтін шамамен 120,3 мың адамның 70,4 мыңы әлеуметтік кепілдіктерді пайдаланған.

Ең көп таралғаны – қосымша еңбек демалысы. Оны 64,7 мың адам алған.

22,7 мыңнан астам жұмысшы жоғары мөлшерде еңбекақы алған, тағы 1,8 мың адам мемлекеттік арнайы жәрдемақыға ие болған.

Бұдан бөлек, 36,7 мың адам емдік-профилактикалық тағаммен қамтамасыз етілген, ал 8,5 мыңнан астам жұмысшы қысқартылған жұмыс кестесі бойынша еңбек еткен.

Наверх