Қазақстанда сәулелік терапиямен қамту деңгейі 60%-ға жетті – министрлік

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда медициналық көрсетілімдері бар барлық пациенттер, оның ішінде балалар да, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жоғары технологиялық сәулелік терапияны тегін алады.

 depositphotos.com 4 Тамыз 2026, 08:51
4 Тамыз 2026, 08:51
116
Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде көтерілген томотерапияның қолжетімділігіне қатысты мәселеге түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, пациенттер сәулелік терапияны толық көлемде алып жатыр, ал емдеу халықаралық клиникалық ұсынымдар негізінде жүргізіледі.

Министрлік томотерапияның жеке емдеу түрі емес, қашықтықтан сәулелік терапияның заманауи әдістерінің бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда оның көптеген мүмкіндігін соңғы буындағы сызықтық үдеткіштер тиімді орындайды. Сондықтан емдеу тәсілі аппараттың атауына емес, ісіктің орналасуына, аурудың сатысына және науқастың жеке ерекшеліктеріне қарай таңдалады.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Радиациялық онкология орталығының басшысы Виктор Кимнің айтуынша, қазіргі сызықтық үдеткіштер жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияның басым бөлігін жүргізуге мүмкіндік береді. Пациент үшін ең маңыздысы – дұрыс таңдалған емдеу тактикасы, сапалы жоспарлау және дәрігерлердің кәсіби біліктілігі.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда медициналық көрсетілімдері бар барлық пациенттер, оның ішінде балалар да, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жоғары технологиялық сәулелік терапияны тегін алады.

Бүгінде еліміздің барлық дерлік өңірінде заманауи сызықтық үдеткіштер жұмыс істейді. Астанада алты, Қарағанды мен Семейде екі-екіден аппарат орнатылған. Соңғы екі жылда Қазақстанда онкологиялық науқастарды сәулелік терапиямен қамту деңгейі шамамен 60%-ға жетіп, дамыған Еуропа елдерінің көрсеткіштеріне жақындаған. Министрлік онкологиялық қызметті жаңғырту мен заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Наверх