Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда сауда айналымы 31,4 трлн теңгеге жетті – министр

Олжас АДАЙ
15 Шілде 2025, 09:46
536
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ішкі саудасы 8,4%-ға өсіп, 31,4 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көлемі 8,4% өсті, ал тауар айналымы 31,4 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде көтерме сауда 9,2% өсті , ал бөлшек сауда - 6,6%-ға жетті, - дейді ол.

Оның сөзінше, сауданың өсуі көтерме саудада 45% асатын негізгі 9 тауар есебінен қамтамасыз етілді.

Бұл мұнай және мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, фармацевтика, машина жасау өнімдері, астық және темекі. Аталған тауарлар бойынша жыл соңына дейінгі болжамды сату көлемі 26,4 триллион теңге құрауы тиіс, оны ең алдымен ішкі өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз ету қажет, - дейді Шаққалиев.

Министр 6 айдың қорытындысы бойынша барлық өңірлер өсуді көрсетіп отырғанын айтады.

Ең үлкен үлесті қамтамасыз еткен 5 өңірге барлық тауар айналымының 72% алып отыр. Бұл – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Өсу қарқыны бойынша көшбасшылар – Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстары, - деді ол.

Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы