4-6 қыркүйек аралығында Қазақстанда құбылмалы ауа райы күтіледі. Елдің батысы мен солтүстік-батысында нөсер, бұршақ, қатты жел болжанса, шығыс пен орталықта түнгі үсік болуы мүмкін. Оңтүстікте ауа температурасы +38°С-қа дейін көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің хабарлауынша, 4-6 қыркүйек аралығында еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр, найзағай, қатты жел, кей жерлерде бұршақ пен үсік күтіледі.
Атмосфералық фронттар батыс пен солтүстік-батыс аймақтарына жауын-шашын әкеледі:
• 4-5 қыркүйек – батыста найзағайлы жаңбыр,
• 5-6 қыркүйек – солтүстік-батыста нөсер, бұршақ және екпінді жел болжанады.
Ал антициклонның ықпалына байланысты оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық және шығыс өңірлерде ашық әрі құрғақ ауа райы сақталады. Дегенмен жел күшейеді деп күтілуде, ал солтүстік аймақтарда таңертең тұман түсуі ықтимал.
Ерекше назар – түнгі үсіктерге:
• 5 қыркүйекте шығыс және солтүстік-шығыста,
• 4-5 қыркүйекте орталық өңірлерде түнгі температура +2…+10°C-қа дейін төмендеп, топырақ бетінде –2°C-қа дейін үсік жүруі мүмкін.
Температуралық көрсеткіштер де өзгереді:
• Батыста күндіз ауа температурасы +33-тен +15…+27°C-қа дейін төмендейді,
• Солтүстікте керісінше жылынады – +25…+30°C,
• Орталықта +35°C-қа дейін көтеріледі,
• Шығыста +25°C-қа дейін жылынады,
• Ең ыстық ауа райы оңтүстікте және оңтүстік-шығыста күтіледі – жазық аймақтарда +38°C, таулы өңірлерде +33°C-қа дейін.