Қазақстанда қорқытып сыйақы алғандар жауапқа тартылады

Бөлісу:
Қазақстанда қорқытып сыйақы алғандар жауапқа тартылады
Фото: Арман Мухатов - архив

Елімізде мемлекеттік орган, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақыны қорқытып алуына байланысты қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмыс жетілдіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте жемқоралыққа қатысты заң жобалары бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Антикордың өкілі Ұлан Сарқұлов жемқорлықпен күресте қандай жұмыстар қолға алынатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, жүйелі өткізілетін әлеуметтанулық өлшеулер азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, ауруханаларда, жоғары оқу орындарында, банктерде және басқа да орындарда заңсыз әрекеттерге, сыйақыларды қорқытып алушылыққа тап болатынын көрсетіп отыр.

Заң жобасында қорқытып алу белгілері болған кезде сыйақыны заңсыз алу фактілерін анықтау мақсатында, “Жедел-іздестіру қызметі туралы” заңға арнайы жедел іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізу көзделген. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс сыйақыны заңсыз бергені үшін жауапкершілікті көздейтін жаңа 247-1-баппен толықтырылып отыр. Бұл парақорлыққа ұқсас, тек алушыларды ғана емес, параны берушілерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді, - дейді Ұлан Сарқұлов.

Антикордың дерегінше, 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау түскен, оның ішінде 2 мыңға жуық қоңырау eGov мәселелері бойынша және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне шағымдар, 1,5 мың өтініш медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша, 940 қоңырау білім беру саласындағы шағымдар.

Еске сала кетейік,  Қазақстанда пара беруге уәде ету, пара беруді ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылғанын және Айдос Сарымның жемқорлықты қалай тоқтатуға болатыны туралы айтқанын осыған дейін жаздық.

Өзгелердің жаңалығы