Үкіметте өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сауда желілеріндегі қолма-қол, бөліп төлеу және несие арқылы сатып алынатын тауарларға қатысты баға айырмашылығы мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұманғариннің айтуынша, бұл – қазіргі таңда Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі.
"Қос баға" деп аталатын мәселе бар. Қолданыстағы заңнама бойынша, мұндай тәжірибе ресми түрде тыйым салынған. Бірақ іс жүзінде, мысалы, техника дүкенінен бөліп төлеумен немесе несие арқылы алынатын тауарлардың бағасына 15–20% көлемінде қосымша үстемеақы енгізіледі. Ал бірден қолма-қол төлеп алатын азаматтар да сол бағаны көреді, – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, тұтынушылар екі топқа бөлінеді: бірі – несие мен бөліп төлеуден бас тартатындар, екіншісі – осы қаржы құралдарын пайдаланатындар. Дегенмен, барлық тұтынушылар сауда нүктесіне келгенде бір бағаны көреді, ал бұл әділеттілікке сай келмейді.
Сондықтан біз сауда орындарына бағаның қалай құрылатынын – яғни, оның ішінде қандай үстеме барын – ашық түрде көрсету керек деген ұстанымдамыз. Әсіресе, банктер арқылы бөліп сатылатын халық тұтынатын тауарлар бойынша, – деді Үкімет күшесі брифингте.
Жұманғарин тұтынушылық несиелеу экономиканың өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін де атап өтті. Алайда бұл үдеріс бақылаусыз дамымауы тиіс.
Ішкі жалпы өнім (ЖІӨ) төрт негізгі компоненттен тұрады: тұтыну, инвестициялар, мемлекеттік шығындар және таза экспорт. Сондықтан тұтыну – ЖІӨ өсімінің маңызды құрамдас бөлігі. Алайда қазіргі таңда бізде тұтынушылық несие мен сұраныс күткеннен де жоғары қарқынмен өсіп жатыр, – деп атап өтті ол.
Жұманғариннің айтуынша, нарықтағы бұл ахуал банктердің тұтынушылық сегментке көбірек бағытталуына себеп болып отыр. Бұл үрдіс жасырын емес және реттеуді қажет етеді.
Азаматтар тауарды несиеге немесе бөліп төлеуге алған кезде, нақты қандай сомаға қол қойып жатқанын, қанша артық төлейтінін анық түсінуі керек. Бұл – таңдауға мүмкіндік беру. Қолма-қол төлейтін адам артық төлемей, әділетті бағамен алуы тиіс, – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, қолма-қол төлем жасаушылар үшін жеңілдетілген баға қарастыру мүмкіндігі де талқыланып жатыр.
Біз бұл түзетулерді қарастырып жатырмыз. Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп осы және басқа да бірқатар мәселе бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл осы бағыттағы нақты тәсілдерді қалыптастырып, банктермен талқылауға дайын боламыз, – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін белгілі болғандай, 2026 жылдан бастап АӘК алушылар азық-түлікті үстемесіз сатып ала алады.