Қазақстанда Қазақ тілінің ұлттық корпусы жасақталады

Бөлісу:
Қазақстанда Қазақ тілінің ұлттық корпусы жасақталады
Фото: baq.kz

Ашық НҚА порталында "Қазақ тілінің Ұлттық корпусын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі бұйрығының жобасы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қағида қазақ тілі мен лингвистика саласындағы ғылыми, білім беру және практикалық зерттеулер жүргізуге негіз болатын Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру, толықтыру, өңдеу, сақтау және пайдалануға қойылатын жалпы талаптар мен рәсімдерді белгілейді.

Корпус тілдегі өзгерістер мен әртүрлі салалардағы өзекті жетістіктерді көрсететін жаңа материалдардың енгізілуі арқылы үздіксіз жаңартылады, сонымен бірге тілдегі өзгерістердің, жаңа тенденциялардың, сондай-ақ жаңа жанрлардың, стильдер мен бағыттардың пайда болуы есебінен кеңейеді, бұл оның өзектілігі мен тілдік инновацияларға сәйкестігіне кепілдік береді. Корпус жалпыға қолжетімді болады және лексикографиялық және грамматикалық жобаларды, ғылыми және білім беру материалдарын әзірлеуге, сондай-ақ бағдарламалық өнімдерді жасауға негіз болады, – делінген бұйрық жобасының баспасөз релизінде.

Еске салайық, Қазақ тілінің ұлттық корпусы – қазақ тілінің лексика-грамматикалық жүйесін толық қамтыған (терең аннотацияланған) миллиондаған сөзқолданыстан тұратын электронды пішіндегі көлемді мәтіндер жинағы, қазақ тілі жайлы барлық мәліметті жинақтаушы "ақылды", мамандандырылған білім қоры. Жалпы сөзқолданыс саны – 65 миллион. Қазақ тілінің ұлттық корпусы қазіргі кезде белгілі бір мақсатта арнайы әзірленген 16 ішкорпустан тұрады.

Өзгелердің жаңалығы