Бір қалада май ауыстыруға бір сома төлесеңіз, ал басқа жерде мүлде басқа баға шығатынын байқадыңыз ба? Ел бойынша СТО қызметтерінің бағасы өсіп жатыр, бірақ әр аймақта әртүрлі қарқынмен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандағы көліктерді техникалық қызмет көрсету және жөндеу нарығы рекорд жаңартып отыр. Бес жылда бұл сектор 3,6 есеге өсті, ал 2025 жылдың алғашқы жеті айында 181,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен біріне көп. Нарық жылдам кеңейіп жатыр, бірақ онымен бірге бағалар да өсуде.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ТЖО қызметтерінің бағасы қатарынан 60 ай бойы өсіп келеді, ал соңғы 71 айда арзандау мүлде болмаған. Өткен жылы жөндеу мен қызмет көрсету құны 18,3%-ға қымбаттады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары.
Алматы мен Астана: мегаполистердегі жағдай
Finprom.kz деректеріне сәйкес, Астанада ТЖО қызметтері бағасының өсімі 18,9%-ды құрады, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен сәл ғана жоғары. Ал Алматыда жағдай әлдеқайда күрделі – мұнда бағалар бір жылда 24,2%-ға артқан. Бұл сандар Алматының автокөлік иелері үшін ең қымбат өңірлердің қатарында екенін дәлелдейді. Астанада бағаның өсуін салыстырмалы түрде бақылауда тұр.
Өңірлер рейтингі: ең қымбаттан ең қолжетімдіге дейін
ТЖО қызметтері бағасы барлық өңірде өсуде, бірақ айырмашылық айтарлықтай. Батыс Қазақстан облысында көлік жөндеу қызметтері былтырғыдан 45,5%-ға қымбаттаған. Бұл ел бойынша антирекорд. Одан кейінгі орындарда: Павлодар облысы: +34,1%, Солтүстік Қазақстан облысы: +31,9%, Ақмола облысы: +29,1%, Жамбыл облысы: +27,8%.
Бұл өңірлер көлік иелеріне ең көп шығын әкелетін “қымбат бестікке” кіреді.
Қайда арзанырақ көлік жөндеуге болады?
Атырау облысында қымбаттау небәрі 1,6%, ел бойынша ең төмен көрсеткіш. Одан кейін Ұлытау облысы: +5,1%, Маңғыстау облысы: +5,6%-ға баға артқан.
Бұл өңірлерді автокөлік иелері үшін “оазис” деуге болады, себебі жөндеу құны салыстырмалы түрде қолжетімді қалып отыр.
Неге автожөндеу нарығы өсіп жатыр?
Мамандардың сөзінше, Қазақстандағы автосервис нарығы қарқынды дамып келеді, бірақ себеп тек сұраныстың артуында емес. Негізгі факторлардың бірі – автопарктің ескіруі. Көлік ескірген сайын жөндеу жиілейді, ал бұл өз кезегінде ТЖО қызметтеріне сұранысты арттырып, бағаларды көтереді.