Қазақстанда банк секторын тұрақтандыру үшін мемлекет бірнеше жыл бойы қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, 2015-2020 жылдар аралығында түрлі банктер мемлекеттен қомақты қаржы алды. Бірақ қазіргі таңда бұл қаржының қайтарылуы мен банктердің жауапкершілігі үлкен сұрақ тудырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Редакциямыз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне банктердің мемлекетке берешегіне қатысты сауал жолдаған болатын.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы былай деп жауап берді.
2015 жылдан бастап мемлекеттен қандай банктер қаржылық қолдау алды?

2015 жылы мемлекет "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ны (ПКҚ) капиталдандыруға 250 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы "Қазкоммерцбанк" АҚ-ға орналастырылды.
2017 жылы Қазақстан Халық банкі Қазкоммерцбанкті сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. Осылайша, банкті қайта құрылымдау жұмыстары басталды.
2017-2020 жылдары Ұлттық Банк банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы аясында 6 ірі банктің реттелген облигацияларын сатып алды. Мемлекеттен қаржылай көмек алған банктер және олардың алған сомасы төмендегідей:
• "Еуразиялық банк" АҚ – 150 млрд теңге;
• "АТФБанк" АҚ – 100 млрд теңге;
• "Банк ЦентрКредит" АҚ – 60 млрд теңге;
• "Bank RBK" АҚ – 243,7 млрд теңге;
• "Нұрбанк" АҚ – 46,8 млрд теңге.
2020 жылдың соңында "Jusan Bank" АҚ "АТФБанк" АҚ-ны сатып алды. Бұл мәміле барысында "Jusan Bank" АҚ "Самұрық-Қазынаға" 100 млрд теңгеге жаңа облигациялар шығарды.
Қандай банктер қарызын өтеді?
2023-2024 жылдары төрт банк жалпы 399,6 млрд теңге мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтарды:
• "Қазақстан Халық банкі" АҚ мемлекет алдындағы 250 млрд теңге қарызын толық өтеді.
• "Jusan Bank" АҚ 100 млрд теңге сомасындағы облигацияларды "Самұрық-Қазынадан" мерзімінен бұрын сатып алды.
• "Bank RBK" АҚ және "Банк ЦентрКредит" АҚ 49,6 млрд теңге мемлекеттік қаражатты ішінара қайтарды (Bank RBK – 29,6 млрд, БЦК – 20 млрд).
Осылайша 400 млрд теңге сомасында мерзімінен бұрын қайтару қамтамасыз етілді.
Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп банктерді мемлекеттік қолдауды қайтаруға одан әрі ынталандыру бойынша қосымша шараларды пысықтауда, атап айтқанда 2023 жылы Агенттік балансында мемлекеттік қолдау қаражаты бар банктердің дивидендтер есептеуіне және төлеуіне заңнамалық шектеулер енгізді.
Қазіргі уақытта қай банктер мемлекетке қарыз?
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бес банктің балансында мемлекеттен алынған қаражат бойынша міндеттемелері бар:
• "Bank RBK" АҚ;
• "Jusan Bank" АҚ;
• "Банк ЦентрКредит" АҚ;
• "Еуразиялық банк" АҚ;
• "Нұрбанк" АҚ.
Мемлекет банктерден қаржыны қалай қайтарып алмақ?
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2022 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер банктердің мемлекеттен алынған қаржысы толық өтелмейінше, акционерлерге дивиденд төлеуге тыйым салды. Осылайша, банктерге қарызды қайтаруды ынталандыру мақсатында қосымша шаралар қабылданды.
Банктерге мемлекеттік қолдау қандай талаптармен берілді?
Мемлекет банктерге қолдауды реттелген облигацияларды сатып алу арқылы көрсетті. Бұл қаржы банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтау, депозиттерді қорғау, кредиттік портфельді жақсарту мақсатында бөлінді. Алынған қаражат келісімшарт бойынша белгіленген мерзімде қайтарылуы тиіс.